Вьетнамдағы су тасқынынан кейін ондаған көшкін болды
Қоршаған орта министрлігінің дерегінше, биыл болған табиғи апаттар Вьетнамда 400-ден астам адамның қаза болуына немесе жоғалуына себеп болып, 3,6 миллиард доллардан астам залал келтірген.
Ел тарихындағы ең ерекше табиғи апаттар жылы деп сипатталған жағдайларға қосымша Вьетнамда нөсер жауын салдарынан болған су тасқыны кемінде екі адамның өліміне және оннан астам көшкінге себеп болды.
Вьетнамның орталығы мен оңтүстігінде бірнеше апта бойы толассыз жауған жауын-шашын танымал туристік аймақтарда жүздеген мың үйді су астында қалдырды, ал таулы өңірлерде көшкіндерге жол ашты.
«Voice of Vietnam» ақпарат агенттігі бейсенбі күні Лам Донг уәлаятында нөсер жауынның мыңдаған үйді суға батырғанын және кемінде екі адамның қаза тапқанын хабарлады.
Ақпаратта уәлаятты 16 көшкін шайқағаны, жолдар мен көпірлердің зақымданғаны және жүздеген адамның эвакуацияланғаны айтылды.
Қоршаған орта министрлігі жанындағы Метеорология және гидрология департаменті төрағасының орынбасары Хоанг Дык Кыонг жұма күнгі мәлімдемесінде «2025 жыл тарихтағы ең ерекше табиғи апаттар жылы болды», - деді.
Министрліктің дерегіне сәйкес, биыл Вьетнамға 15 тайфун және 21 дауыл әсер еткен. Бұл ˗ 1961 жылдан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Вьетнам әлемдегі ең белсенді тропикалық циклон аймақтарының бірінде орналасқан, бірақ жыл сайын шамамен 10 тайфун немесе дауыл ғана әсер етеді.
Ел биыл сондай-ақ ерекше нөсер мен кең ауқымды су тасқынын бастан өткерді; өзендер солтүстіктен орталыққа және одан әрі Меконг дельтасына дейін жаңа су деңгейі рекордын орнатты.
Қоршаған орта министрлігі «Бір жыл ішінде 20 өзенде бір мезетте дәл осындай ауқымдағы су тасқындарының болуы бұрын-соңды болмаған жағдай», - деп мәлімдеді.
Вьетнамның орталық бөлігіндегі бір аймақта тек 24 сағат ішінде 1 739 миллиметрге дейін жауын-шашын түскені тіркелді.
Оңтүстік-Шығыс Азия еліне маусым мен қыркүйек аралығында әдетте қатты жаңбыр жауады. Ғалымдар климаттық дағдарыс экстремалды ауа райы құбылыстарын жиілетіп жатқанын байқауда.