Амстердам көшелерінде Газадағы геноцидке қарсы Нидерланд үкіметінен неғұрлым нақты және батыл қадам басуды талап еткен ауқымды «Қызыл сызық» наразылық шеруі өтті.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жексенбі күні өткен бұл шеруге шамамен 250 мың адам қатысты. «NOS» агенттігінің хабарлауынша, бұл соңғы жылдардағы Нидерландтағы ең ірі шерулердің бірі болды.
Қызыл киім киген шерушілер үкіметтің Израильге қатысты ұстанымына қарсы символдық «қызыл сызық» жүргізу мақсатында астанадағы «Museumplein» алаңында жиналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған дейін мамыр және маусым айларында Гаага қаласында өткен «Қызыл сызық» шерулеріне шамамен 100 және 150 мың адам қатысқан. Олар үшінші наразылық шарасының басты мақсаты соғысты тоқтату екенін айтты.

Ұйымдастырушылар өз мәлімдемесінде: «Сайлау айы бойы бас қалада қызыл сызық жүргізу арқылы саясаткерлер мен Нидерланд халқын Израильге қарсы нақты ұстанымға шақырамыз», - деді.
Бұл шеруді «Amnesty International», «Oxfam Novib», «Pax» және «The Rights Forum» секілді 130-дан астам адам құқықтарын қорғау ұйымы қолдады. Сондай-ақ бірнеше еврей ұйымдары да Израильдің саясатына қарсы шығып, бұл саясат бүкіл еврей қоғамының қалауы емес екенін көрсету үшін наразылыққа қатысты.
«Геноцидті қолдауды тоқтатыңдар!»
Шерушілер Нидерландтың геноцидті қолдауды тоқтатуы және Израильдің 2023 жылдың қазан айынан бері Газа секторында 67 мыңнан астам адамды өлтірген соғысына дереу бітім жариялауы қажет екенін талап еткен плакаттар көтерді.
Нидерланд премьер-министрі Дик Схоф «X» платформасында жариялаған мәлімдемесінде шерушілердің «ашуын, алаңдаушылығын және шарасыздығын» түсінетінін айтты.
«Газадағы азапты қабылдауға да, ақтауға да болмайды», - деді Схоф. Ол үкіметтің Израильге бағытын өзгертуі үшін қысым жасап жатқанын, сондай-ақ бітімге қол жеткізуге жәрдемдесу мақсатында күш-жігерін арттырғанын жеткізді. Схоф Трамп ұсынған бітім жоспарын «үміт тудыратын бастама» деп атап, Нидерландтың Катар мен Мысырдың соғысты тоқтату жөніндегі араағайындығын қолдайтынын айтты.
Премьер-министр сөзін қорытындылай келе: «Газада соғысты тоқтату керек және Таяу Шығыста тұрақты әрі әділетті бейбітшілік орнауы тиіс», - деді.
Басқа елдердегі наразылықтар
Испанияда 21 белсенді елге оралғаннан кейін он мыңдаған адам Газадағы геноцидке қарсы наразылық шеруіне шықты.
Сондай-ақ жексенбі күні Пәкістанның Карачи қаласында он мыңдаған адам көшеге шықты. Олар қоршаудағы аймақта жалғасып жатқан геноцидке қарсы халықаралық қауымдастықты үнсіз қалмауға шақырды.
Олар қолдарына Палестинаның үш түсті туын ұстап, Шара-е-Файсал даңғылын толтырды. Шеруді соңғы айларда көптеген шеруге жетекшілік етіп жүрген «Жамаат-и-Ислами» партиясы ұйымдастырды.
Түркияның Стамбул мен Анкара қалаларында мыңдаған адам Израильдің геноцидіне қарсы шеру ұйымдастырды. Қатысушылар Түркия және Палестина туын желбіретті.













