Ресей 1 000 украин сарбазының мәйітін қайтарды

Киев бұған дейін Мәскеуді «украин сарбаздарына тиесілі» деп мәлімдеген мәйіттердің арасында қаза тапқан ресейлік әскерилердің де денелерін қосып өткізді деп айыптаған болатын.

By
Ресей 1 000 украин сарбазының мәйітін қайтарды / Reuters

Ресейдің келіссөз делегациясындағы дереккөз журналистерге берген сұхбатында Мәскеудің Украинаға 1 000 сарбаздың мәйітін тапсырғанын, ал Киевтің 41 ресейлік әскеридің денесін қайтарғанын айтты.

Ресей төрт жыл бұрын бастаған және жүз мыңдаған сарбаз қаза тапқан жаппай соғыс кезінде екі тарап қақтығыстарда мерт болған әскерилердің мәйіттерін жүйелі түрде бір-біріне өткізіп тұрады. Бұл — тараптар өзара іс-қимыл жасайтын санаулы салалардың бірі.

Ресейлік мемлекеттік “Ruptly” видео агенттігі ақ киім мен көк қолғап киген адамдардың жүк көлігінің артынан ақ түсті мәйіт қаптарын көтеріп, екінші көлікке тиеп жатқан сәттерін жариялады. Бейнежазбада киімдерінде Халықаралық Қызыл Крест белгілері бар бақылаушылар да көрсетілген.

Украинаның Әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру орталығы әлеуметтік желіде «қаза тапқан 1 000 адамның мәйіті Украинаға қайтарылғанын» растады. Мәлімдемеде «Ресей тарапының мәліметінше, қайтарылған мәйіттер украин сарбаздарына тиесілі», — делінген.

Киев бұған дейін Мәскеуді украин әскерилері деп мәлімдеген денелердің арасында өлтірілген ресейлік сарбаздардың да мәйіттерін қоса өткізді деп айыптаған еді. Үйлестіру орталығы «Қаза тапқандардың жеке басы анықталғаннан кейін мәйіттер отбасыларына тапсырылып, лайықты түрде жерленеді», — деп атап өтті.

Қызыл Крест ұйымы өткен айда ай сайын шамамен 1 000 мәйітті өзара қайтару процесіне делдалдық етіп жатқандарын, алайда қаза тапқан «мыңдаған» адамның жеке басы әлі де анықталмағанын хабарлаған болатын.

Ресейдің 2022 жылдың ақпанында Украинаға қарсы бастаған шабуылы Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі Еуропадағы ең қанды соғысқа ұласып, миллиондаған адамның босқынға айналуына және екі тараптан да бейбіт тұрғындардың қаза табуына себеп болды.