Сирияда атысты тоқтату келісіміне қол қойылды
YPG-мен жасалған бұл уағдаластық әскери бөлімшелерді шығаруды, негізгі уәлаяттарды өткізуді, шекаралар мен энергия ресурстарының мемлекеттік бақылауға өтуін қамтиды.
Сирия президенті Ахмед Шара Дамаскінің елдің солтүстік-шығысындағы билігін қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болып табылатын террор ұйымы YPG-мен жан-жақты атыс тоқтату келісімі жасалғанын жариялады.
Сирия араб ақпарат агенттігі (SANA) жариялаған шарттарға сәйкес, келісім Сирия үкіметтік күштері мен YPG арасындағы барлық майдан шептері мен түйісу нүктелерінде дереу күшіне енетін жалпыұлттық атыс тоқтату режимін орнатады.
Келісім YPG террористік ұйымымен байланысы бар барлық лаңкестерді Евфрат өзенінің шығысындағы аймақтарға шегіндіруді көздейді. Бұл Сирия үкіметінің даулы аумақтарда бақылауды қайта орнатуына жол ашады.
Келісім шегінуді, институционалдық интеграцияны және рақымшылық кепілдіктерін қамтиды.
Келісім бойынша Дейр-эз-Зор және Ракка уәлаяттары әкімшілік жағынан да, әскери жағынан да дереу және толықтай Сирия мемлекетіне өткізіледі. Осы екі аймақтағы барлық азаматтық мекемелер мен қоғамдық нысандар үкімет өкілдеріне тапсырылады.
Хасеке уәлаятында болса, барлық азаматтық мекемелер Сирияның мемлекеттік әкімшілік құрылымына интеграцияланады, осылайша орталық үкіметтің билігі солтүстік-шығысқа толық тарайды.
“SANA” агенттігінің хабарлауынша, келісім сонымен қатар аймақтағы барлық шекара бекеттері мен мұнай және газ кен орындарын бақылауды Дамаскіге береді. Сирия күштері табыстың мемлекетке қайтарылуын қамтамасыз ету үшін бұл аймақтардың қауіпсіздігін қадағалайды.