Иранмен байланысты кемелер Парсы шығанағына кіру үшін жаңа бағыт таңдады
Кеме қозғалысын бақылау деректеріне сәйкес, АҚШ санкциясына іліккен кемінде екі кеме Ларак пен Киш аралдарының арасындағы жаңа бағыт арқылы Парсы шығанағына кірген.
АҚШ-тың Ормуз бұғазындағы қоршауының үшінші күнінде АҚШ санкциясына іліккен, Иранмен байланысты кемінде екі кеме Иранның Ларак пен Киш аралдарына жақын маңдағы жаңа бағыт арқылы Парсы шығанағына кірді. Ал Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қозғалысы айтарлықтай азайды.
Кеме қозғалысын бақылау деректеріне сәйкес, сұйытылған мұнай газын тасымалдаушы “G Summer” кемесі мен алып шикі мұнай танкері “Hong Lu” (“RHN”) Біріккен Араб Әмірліктерінен шыққаннан кейін Иран жағалауына жақын бағытпен жүзіп, Ормуз бұғазынан жаңа бағыт арқылы өткен.
Бос күйінде жүзіп бара жатқан “G Summer” кеменің иесі мен экипажының қытайлық екенін көрсететін мәлімет жариялаған. Кеменің межелі порты ретінде Ирактағы Хор әл-Зубайр көрсетілген. Сондай-ақ бос келе жатқан және Иранмен байланысы үшін Вашингтонның санкциясына ұшыраған“Hong Lu” көп ұзамай дәл сол бағытпен жүрген. 2 миллион баррельге дейін шикі мұнай тасымалдай алатын бұл танкер кейін Иран жағалауы бойымен батысқа қарай жылжи отырып, бұйрық күтіп тұрғанын көрсеткен.
Бұған дейін “Rosalina” атты жүк кемесі де осы бағытты пайдаланып, Иран портына азық-түлік жеткізетінін білдірген болатын.
Шығу бағытындағы қозғалыс шектеулі болған. Иранмен байланысты екі контейнер кемесі — “Golbon” мен “Kashan” сәрсенбі күні Парсы шығанағынан шықты. Сол күні шағын мұнай өнімдері танкері “Nobler” Оман теңізіне қарай бет алды.