Израиль Ливандағы соққыларды күшейтетінін мәлімдеді
Тель-Авив Хизболланың шабуыл және қорғаныс мүмкіндіктерін қайта құрып жатқанын мәлімдеді.
Израиль Ливанда әскери қақтығысты күшейту мүмкіндігін қарастыруда, себебі Ливандық «Хизболла» тобы өз мүмкіндіктерін арттыруға тырысуда деген айыптаулар айтылуда. Бұл туралы Израильдің қоғамдық хабар тарату арнасы “KAN” хабарлады.
Беньямин Нетаньяху бейсенбі күні Ливандағы жағдайды талқылау үшін қысқа қауіпсіздік жиналысын өткізді. Жиналыста «Хизболла» шабуылдау және қорғаныс мүмкіндіктерін қайта қалпына келтіруге тырысып жатыр деген мәлімдемелер талқыланды.
Аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды израильдік шенеунік «Хизболла әскери инфрақұрылымын ішінара қалпына келтіруге қол жеткізді» деп мәлімдеді және мұны «Ливанмен жасалған қауіпсіздік келісімінің тікелей бұзылуы» деп сипаттады.
Басқа израильдік дереккөздер «Хизболла» соңғы айларда Сириядан Ливанға жүздеген қысқа қашықтықтағы зымыранды заңсыз өткізді және өз басшылық құрылымдарын қайта құруға тырысуда деп мәлімдеді.
Алайда Израиль өз айыптауларына дәлел немесе сенімді барлау мәліметтерін ұсынған жоқ. Бұған дейін де Израиль күштері дәлелсіз айып тағып, Газа, Ливан және Сирияға соққы берген болатын.
«Хизболла» ұйымы болса Израильдің бұл айыптауларына әлі пікір білдірген жоқ.
Бұл оқиғалар шекара бойындағы шиеленістің күшеюі аясында болып отыр. Израиль армиясы оңтүстік Ливанға әуе соққыларын күшейтті, 2024 жылдың соңында жарияланған атысты тоқтату келісіміне қарамастан, Ливан аумағында күнделікті шабуылдар жалғасуда.
Израиль армиясы Ливанға жасаған шабуылдарында 4 000-нан астам адамды өлтіріп, шамамен 17 000 адамды жарақаттады.
Ливан мен Израиль арасындағы атысты тоқтату келісімі 2024 жылдың қараша айында жасалды.