Әлем елдері Шри-Ланкаға көмек жіберуде

Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда, 370 адам әлі табылған жоқ.

By
2025 жылдың 30 қарашасында Шри-Ланканың Веллампития қаласы. / Reuters

330-дан аса адамның өмірін қиған және 370 адам жоғалып кеткен жойқын су тасқынына байланысты Қытай мен Австралияны қоса алғанда бірнеше ел Шри-Ланкаға көмек көрсететінін хабарлады.

Жергілікті “News 1st” басылымының хабарлауынша, Шри-Ланкадағы Қытай елшілігі шұғыл ақшалай көмек ретінде 100 000 АҚШ долларын, ал Непал су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы көмек және қалпына келтіру жұмыстарына 200 000 АҚШ долларын бөлуге уәде берді.

Үндістан зардап шеккен халыққа көмек көрсету үшін 80 адамнан тұратын құтқару тобын жіберді. Ал Австралия шұғыл әрекет ету мен қалпына келтіру шараларын қолдау үшін 1 миллион австралия долларын (650 000 АҚШ доллары) бөлуді жоспарлағанын хабарлады.

17 қарашада басталған қолайсыз ауа райынан бері су тасқыны және жер көшкіні тіркелген бірнеше аймақта іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жалғасуда.

Өткен сәрсенбіде Дитвах циклоны Шри-Ланкаға соққы берген болатын. Шамамен 1,12 миллион адам және 309 607 отбасы зардап шекті.