АҚШ-тың екі ресми өкілі АҚШ-тың Газада бейбітшілік орнату мақсатында құрылатын бірлескен миссия аясында 200 әскери қызметкерді орналастыратынын, алайда Газа аймағында бірде-бір АҚШ сарбазының болмайтынын хабарлады.
Бейсенбі күні журналистерге аты-жөндерін жарияламау шартымен мәлімдеме жасаған ресми өкілдер аталған 200 әскер миссияның негізін құрайтынын және құрамына Мысыр, Катар, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінен де өкілдер енуі мүмкін екенін айтты.
Сонымен қатар олар АҚШ әскерлерінің нақты қай жерге орналастырылатыны әзірге анықталмағанын, бірақ бірлескен бақылау орталығы құрылатынын және ықтимал қақтығыстардың алдын алу мақсатында Газада қызмет атқаратын өзге қауіпсіздік күштерінің Израиль армиясымен бірге әрекет ететінін атап өтті. «Бірде-бір АҚШ сарбазының Газаға кіруі жоспарланбаған», – деді олар.
АҚШ өкілдері келісімнің күшіне енуімен бірге аймақтағы шиеленістің азаюы және Израиль мен араб елдері арасындағы қалыпқа келу келісімдеріне жол ашылатынына үмітті екендерін баса айтты. Еске сала кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің алғашқы президенттік мерзімінде Израиль мен Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Марокко және Судан арасында жасалған «Ибрахим келісімдерінің» бастамашысы болған еді.


















