Оңтүстік Кореяның қорғаныс алыбы қауіпсіздік саласындағы серіктестігін кеңейтуде
«Hanwha Aerospace» компаниясы Норвегия Қарулы Күштеріне 16 «Chunmoo» көп мақсатты зымыран жүйелерін жеткізеді.
Оңтүстік Кореяның қорғаныс алпауыты «Hanwha Aerospace Co.» өткен апта Норвегияға ұзақ қашықтыққа арналған көпұңғылы зымыран жүйелерін жеткізу жөніндегі келісімге қол жеткізгеннен кейін, дүйсенбі күні Солтүстік Еуропа елдерімен ұзақ мерзімді қауіпсіздік серіктесі ретінде рөлін кеңейтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
«Yonhap» агенттігінің хабарлауынша, компания президенті, әрі бас директоры Сон Джэ Иль Норвегияның «Hanwha Aerospace» компаниясының «Chunmoo» көпұңғылы зымыран жүйесін таңдауы бұған дейін жеткізілген «K9» өздігінен жүретін гаубицалар арқылы қалыптасқан сенімнің көрінісі екенін айтты.
Сон: «Норвегиямен тығыз ынтымақтастық арқылы Солтүстік Еуропа елдерінің қауіпсіздігіне үлес қосуға және стратегиялық қауіпсіздік серіктесі ретінде рөлімізді одан әрі нығайтуға бел будық», - деді.
Норвегия Қорғаныс материалдары агенттігімен жасалған келісім аясында «Hanwha Aerospace» Норвегия Қарулы Күштеріне 16 дана «Chunmoo» қондырғысын, басқарылатын зымырандар пакетін жеткізіп, интеграцияланған логистикалық қолдауды жалғастырады.
Шамамен 2 млрд АҚШ долларына бағаланған бұл келісім 2017 жылдан бері Норвегия армиясының 52 «K9 Vidar» өздігінен жүретін гаубицасын және 14 «K10» оқ-дәрі жеткізу көлігін сатып алғаннан кейін жасалды. Бұл «Hanwha Aerospace» пен Норвегия армиясы арасындағы он жылға таяған ынтымақтастықтың жалғасы.
Компания сондай-ақ бірлесіп әзірлеу мен жергілікті сынақтар арқылы Норвегия өнеркәсібімен ынтымақтастықты күшейтуді жоспарлап отыр.