Атысты тоқтату келісіміне қарамастан, жұма күні таңертең Израиль армиясы Хан Юнус пен Газаны бомбалауды жалғастырды. Палестинаның ресми ақпарат агенттігі «WAFA» хабарлағандай, Хан Юнус қаласының оңтүстігіндегі әл-Катиба ауданына бірнеше артиллериялық снаряд түскен және қаланың үстінен ұшқышсыз ұшу аппараттары байқалған. Газаның шығыс бөліктері де артиллерия мен тікұшақ атқылауына ұшыраған.
Израиль үкіметі жұма күні таңертең премьер-министр кеңсесі арқылы жариялаған мәлімдемесінде Газадағы соғысты тоқтату және палестиналық топтармен тұтқын алмасу жөніндегі келісімді мақұлдағанын хабарлады. Израиль баспасөзінің ақпаратына сәйкес, Израиль шешімді қабылдағаннан кейін атысты тоқтату бірден күшіне енді.
29 қыркүйек күні АҚШ президенті Дональд Трамп Газадағы жағдайға арналған 20 тармақтан тұратын атысты тоқтату жоспарын ұсынған болатын. Бұл жоспар барлық израильдік тұтқындарды шамамен 2 000 палестиналық тұтқынға айырбастауды, атысты тоқтатуды және Израиль армиясының Газадан шығуын көздейді.
Жоспардың екінші кезеңі палестиналық тойтарыс тобы ХАМАС-тың қатысуынсыз Газада жаңа басқару тетігін құруды, Палестина, араб және мұсылман елдерден құралған қауіпсіздік күштерін жасақтауды және ХАМАС-тың қарусыздандырылуын қарастырады.
Сонымен қатар жаңа әкімшіліктің құрылуы мен өңірдің қалпына келтірілуі үшін араб және мұсылман елдерінің қаржылай қолдау көрсетуі, ал Палестина әкімшілігінің шектеулі түрде қатысуы шарт.
Араб және мұсылман елдері бұл жоспарды мақұлдаса да кейбір шенеуніктер жоспардың толық жүзеге асуы үшін әлі де көптеген егжей-тегжейдің талқыланып, келіссөздер жүргізілуі қажет екенін атап өтті.


















