АҚШ президенті Трамп америкалық күштердің Ираннан «екі-үш апта ішінде» шығатынын мәлімдеді
Трамп бұл елге жасалатын шабуылдардың аяқталатынына ишара жасап, АҚШ-тың негізгі мақсаттарына қол жеткізгенін атап өтті.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ Үйде журналистерге жасаған мәлімдемесінде «Менің істеуім керек жалғыз нәрсе — Ираннан кету және біз оны жақын арада іске асырамыз», — деді. Шегіну процесінің «бәлкім екі, бәлкім үш апта» ішінде болатынын айтқан Трамп «Өте жақын арада кетеміз», — деп толықтырды.
Өз әкімшілігінің Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу мақсатының орындалғанын алға тартқан АҚШ президенті «Оларда ядролық қару болмайды. Бұл мақсат жүзеге асты», — деп мәлімдеді. Трамп сонымен қатар АҚШ шабуылдары Иранның әскери әлеуетін айтарлықтай әлсіреткенін және Тегеранның оны қайта қалпына келтіруі үшін «15-тен 20 жылға дейін» уақыт кетуі мүмкін екенін алға тартты.
«Біз жақын арада кетеміз, егер Франция немесе басқа бір ел мұнай немесе газ алғысы келсе, Ормуз бұғазы арқылы өтеді. Өз мәселелерін өздері шеше жатар. Шын мәнінде бұл өте қауіпсіз болады деп ойлаймын, бірақ мұның бізге еш қатысы жоқ», — деді ол.
Америка Құрама Штаттары мен Израиль 28 ақпаннан бері Иранға әуеден соққы беріп келеді, бұл шабуылдардан 1340-тан астам адам қаза тапты. Иран болса Израильге, сондай-ақ АҚШ-тың әскери нысандары орналасқан Иордания, Ирак және Шығанақ елдеріне ұшқышсыз ұшу аппараттары және зымырандармен қарымта соққы берді.
Ресми деректерге сәйкес, соғыс басталғаннан бері кем дегенде АҚШ-тың 13 сарбазы қаза тапқан. Қақтығыстар энергия бағасының көтерілуіне себеп болып, жаһандық мұнай тасымалының маңызды бөлігі өтетін стратегиялық бағыт — Ормуз бұғазындағы теңіз қатынасының іркілуіне әкеп соқты.