Харьков облысындағы шабуылда үш бала қаза тапты
Украина президенті Владимир Зеленский батыстағы одақтастардан Мәскеуге қысымды күшейтуді талап етті.
Украинаның шығысындағы Богодухив қаласына жасалған Ресей шабуылынан үш кішкентай баламен бірге жалпы төрт адам қаза тапты.
Аймақтық әскери әкімшілік өкілі Олег Синегубовтың айтуынша, Ресей шабуылы салдарынан бір жастағы екі ұл бала мен екі жастағы бір қыз бала көз жұмған.
Синегубов “Telegram” желісінде балалармен бір үйде болған 34 жастағы ер адам да алған жарақаттарынан қайтыс болғанын хабарлады.
Ол сондай-ақ 74 жастағы әйелдің жараланып, медициналық көмек алғанын қосты.
Бұған дейін ол шабуыл кезінде 35 жастағы жүкті әйелдің де жараланғанын мәлімдеген еді.
Богодухив қаласы Ресей күштері соңғы уақытта көлік және энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдарын күшейткен Харьков облысында орналасқан.
Сонымен қатар өңір губернаторы сәрсенбі күні Ресейдің оңтүстігіндегі Волгоград облысында түнде жасалған дрон шабуылы өнеркәсіптік нысан аумағында өртке себеп болғанын айтты.
«Ресей Қорғаныс министрлігінің әуе қорғанысы бөлімшелері Волгоград облысындағы энергетикалық және азаматтық инфрақұрылым нысандарына бағытталған ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған жаппай террорлық шабуылды тойтарып жатыр», - деп жазды губернатор Андрей Бочаров “Telegram”-да.
Шабуыл салдарынан тұрғын үйдегі бір пәтерге зақым келген, сондай-ақ дрон сынықтары балабақша аумағына түскен.