Газада қаза тапқан журналистер саны 256-ға жетті
Газада АҚШ қолдауымен атысты тоқтату жалғасып жатқан кезде палестиналық журналист Мұхаммед әл-Мунирави Израиль шабуылы салдарынан қаза тапты.
Палестиналық журналист Мұхаммед әл-Мунирави Газада атысты тоқтату келісімі жалғасып жатқан кезде сейсенбі күні Израильдің Нусейрат босқындар лагеріне жасалған әуе шабуылы кезінде қаза тапты. Әл-Мунирави «Falasteen» газетінде жұмыс істеген.
Газа үкіметінің медиа кеңсесі оның өлімімен бірге 2023 жылдың қазан айынан бері қаза тапқан палестиналық журналистер саны 256-ға жеткенін хабарлады. Кеңсе Израиль әскерінің палестиналық журналистерді әдейі және жүйелі түрде нысанаға алуын және қастандық жасауын қатаң айыптады.
Мәлімдемеде халықаралық қауымдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарына «Израиль оккупациясын айыптап, шектеу қоюға және жауапқа тартуға, соғыс қылмыскерлерін әділ сот алдына шығаруға үндеу жасады. Сондай-ақ медиа кеңсе «геноцидті тоқтатып, Газадағы журналистер мен БАҚ қызметкерлерін қорғау және жалғасып жатқан кісі өлтіру мен қастандық әрекеттерін тоқтату үшін нақты қысым көрсетуге» шақырды.
Палестиналық ресми деректерге сәйкес, сейсенбі күні кешке Израиль армиясы 10 қазан күні күшіне енген атысты тоқтату келісіміне қарамастан Газа аумағында 100-ден астам палестиналықты өлтірген. Олардың 35-і бала.
2023 жылдың қазан айынан бері Израиль шабуылдарынан 68 500-ден астам адам қаза тапқан. Олардың көпшілігі әйелдер мен балалар. 170 000-нан астам адам жараланған.