АҚШ Израильге Газадағы үйінділерді тазарту үшін қысым көрсетуде
Үйінділердің салмағы “Empire State Building” ғимаратының 186 есесіне тең екені болжанды.
Израильдің “Yedioth Ahronoth” газетінің бейсенбі күнгі хабарына сәйкес, АҚШ Израильден екі жылдан астам уақытқа созылған әскери операциялардан кейін Газа бойынша жиналған орасан зор қирандыны тазарту міндетін өз мойнына алуын сұраған.
Газет жоғары лауазымды саяси дереккөзге сілтеме жасап, Израильдің АҚШ өтінішін «әзірге» қабылдағанын, бірақ тазарту жұмыстарын алдымен Рафахтағы бір ғана пилоттық аймақта бастайтынын жазды.
Хабарға қарағанда Вашингтон Израильдің бүкіл аймақтағы үйінділерді тазартуын күтуде.
Газет араб және халықаралық тараптардың әзірге үйінділерді тазарту жұмыстарына қаржылық қолдау көрсетуден бас тартқанын да атап өтті. Халықаралық қаржының жеткіліксіздігіне байланысты кең ауқымды тазарту құны 1 млрд доллардан асуы мүмкін екені айтылуда.
“Wall Street Journal”-дың осы аптадағы ақпаратына сай, Газа шамамен 68 млн тонна қирандының астында қалған.
БҰҰ Даму бағдарламасы бұл үйінділердің салмағы “Empire State Building” ғимаратының 186 есесіне тең екенін болжайды.
Палестина денсаулық органдарының мәліметінше, Израильдің Газадағы әскери әрекеттері 2023 жылдың қазанынан бері 70 300-ден астам адамның қаза табуына, 171 мыңнан астам адамның жаралануына алып келген. Биыл қазанда күшіне енген атысты тоқтату келісімі де Израильдің шабуылдарын толық тоқтата алмады.