БҰҰ Газада вакцинация науқанын жүргізіп жатыр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры науқан аясында 40 мыңнан астам балаға вакцина жасауды көздейтінін айтты.

By
БҰҰ Газада вакцинация науқанын жүргізіп жатыр / AA

Бір апта бұрын Газа секторында вакцинация науқаны басталды. Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) науқанда 10 000-нан астам балаға вакцина жасалғанын хабарлады.

Бас директор Тедрос Адханом Гебрейесус сәрсенбі күні «Х» әлеуметтік желісінде: «ДДСҰ серіктестерімен Газада 9 қарашада басталған науқанның алғашқы 8 күнінде үш жасқа дейінгі 10 000-нан астам балаға вакцина жасады.  Науқан осы сенбіге дейін ұзартылды», - деп жазды.

Гебрейесус науқанның 40 000-нан астам балаға жетуді көздейтінін, сол арқылы балаларды қызылша, паротит, қызамық, дифтерия, сіреспе, көкжөтел, «В» гепатиті, туберкулез, полиомиелит, ротавирус және өкпе қабынуы сияқты аурулардан қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

ДДСҰ Бас директоры сондай-ақ науқанның екінші және үшінші кезеңдері келесі айда және 2026 жылғы қаңтарда өткізілуі жоспарланғанын айтты.

Ол: «Атысты тоқтату режимінің жалғасып жатқанына қуаныштымын, өйткені бұл ДДСҰ мен серіктестеріне Газа бойынша аса маңызды медициналық қызметтерді кеңейтуге, сондай-ақ күйреген денсаулық сақтау жүйесін қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді», - деді.

Израиль армиясы 2023 жылдың қазан айынан бері Газада 70 000 адамның өліміне, 170 000-нан астамының жаралануына және аймақтың қирандыға айналуына себеп болды.

Екі жылға созылған Израиль шабуылдары ауруханалар мен клиникаларды және медициналық қызметкерлерді де нысанаға алды.  Дәрі-дәрмек пен медициналық жабдық жеткізілімін тоқтататты. Бұл әрекеттер ˗ Израиль тарапынан жасалған соғыс қылмыстары. Осы шабуыл салдарынан миллиондаған палестиналық емделуге қажетті мүмкіндіктерден айырылды.