Емине Ердоған зұлымдыққа қарсы бірлікке шақырды
Түркия президентінің жұбайы Емине Ердоған екі жыл ішінде Газаның 67 160 жазықсыз адам, соның ішінде 20 мыңнан астам бала қаза тапқан қасірет алаңына және адамзаттың ар-ожданы жойылған жерге айналғанын атап өтті.
Түркия президентінің жұбайы Емине Ердоған Израильдің Газадағы геноцидінің екі жылдығында сөз сөйлеп, Израильді бүкіл әлемнің көз алдында палестиналықтарды жоюға тырысып жатыр деп айыптады.
Емине Ердоған «Nsosyal» әлеуметтік желісіндегі жазбасында: «Адамгершілік бағдарын жоғалтқан бір мемлекет әлемнің көз алдында Палестина халқын жоюға ұмтылуда. Алайда зұлымның зұлымдығы артқан сайын геноцидке қарсы біріккен халықтың үні де күшеюде», - деді.
Ердоған соңғы екі жылда Газаның 67 160 жазықсыз адам, соның ішінде 20 мыңнан астам бала қаза тапқан, адамзаттың ар-ожданы жойылған жерге айналғанын айтты. Сондай-ақ Израиль шабуылдарында адамгершілік, құқықтық және этикалық шекара қалмағанын атап өтті.
Ердоған қоршаудағы аймаққа бағытталған соңғы Жерорта теңізіндегі гуманитарлық флотилияға сілтеме жасап, «Әлемнің түкпір-түкпірінен келген белсенділер әуеден, құрлықтан және теңізден Газа үшін күш біріктіруде. Ар-ожданы бар барлық адамды әділ әрі тұрақты бейбітшілік орнағанша Палестина үшін бірлікке шақырамын.
Израиль шабуылдарында шейіт болған палестиналық бауырларымызды мейіріммен еске алып, Жаратқаннан Палестина халқы үшін жеңіс пен тыныштық тілеймін», - деді.
Жазбада Емине Ердоғанның Газаға қатысты бұрынғы мәлімдемелерінен үзінділер мен аймақтағы жағдайды бейнелейтін видео да қамтылған.