Финляндия мен Қазақстан президенттері кездесті

Финляндия президенті Александр Стубб қызметке кіріскеннен кейін алғашқы ресми сапарын Қазақстанға жасады.

Финляндия президенті Александр Стуббтың Вашингтондағы Финляндия елшілігінде "Reuters" агенттігіне берген сұхбатынан сурет

Финляндия президенті Александр Стубб қызметке кіріскеннен кейін алғашқы ресми сапарын Қазақстанға жасады. Ол сейсенбі күні екі күндік сапармен Астанаға келіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Бұл — 2017 жылдан бері Финляндия президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары.

Қазақстан президентінің баспасөз қызметі жариялаған кездесу кадрларында Тоқаев Стуббтың сапарын «Астана мен Хельсинки арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың дамуына қосымша серпін беретін маңызды оқиға» деп бағалады.

Қазақстан президенті «инвестициялар, сауда және бірлескен жобалар саласында іске асырылуға тиіс көптеген мүмкіндік бар» екенін айтып, Стуббтың бастамасымен ұйымдастырылған іскерлік форумның маңыздылығын атап өтті.

Сапардың күн тәртібінде Еуропалық Одақ пен НАТО мүшесі Финляндиямен сауда ынтымақтастығын дамыту мәселесі де болды. Финляндияның “STT” ақпарат агенттігінің хабарлауынша, тараптар екіжақты қатынастар және өңірлік геосаясат пен Украинадағы соғысты талқылады.

Тоқаев сейсенбі түстен кейін Астанада өтетін іскерлік форумға қатысатынын айтып, бұл шара екі ел арасындағы сауда қатынастарын «жандандырып, жаңа идеяларға шабыт беретініне» сенім білдірді.

Финляндия басшысының сапары екі ел арасындағы серіктестікті нығайту үшін жаңа мүмкіндік беретініне сенім білдірген Тоқаев бұл сапарды «жаңа дәуірдің бастауы» деп атады.

Сапар барысында Стуббпен бірге Финляндияның 20-дан астам жетекші компаниясының өкілдері келді. Ол келіссөз кезінде сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселелері де талқыланғанын айтып, «Көптеген ортақ мүддеміз бар және күрделі жағдайларға бірлесіп шешім іздеуге тырысамыз», - деді.