Си Цзиньпин Финляндия премьер-министрімен кездесті
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Финляндиямен энергетика, сауда және жаһандық мәселелер бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды.
Мемлекеттік «Xinhua» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин сейсенбі күні Финляндия премьер-министрі Петтери Орпоға Пекиннің Біріккен Ұлттар Ұйымына негізделген халықаралық жүйені қорғау және экономикалық жаһандануға сүйенген көпполюсті әлемге қарай ілгерілеу үшін Хельсинкимен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізген.
«Xinhua»-ның мәліметінше, Си сондай-ақ Пекиннің Финляндияның Қытай-ЕО қарым-қатынастарының тұрақты дамуына ықпал етуде сындарлы рөл атқаратынына үміт артатынын айтқан.
Орпоның Қытайға сапары АҚШ президенті Дональд Трамптың құбылмалы сыртқы саяси шешімдері мен одақтастарға қатысты қақтығысқа толы ұстанымы Еуропа елдерінің сыртқы байланыстарын әртараптандыруға итермелеген тұсқа сәйкес келіп отыр.
Сапар өткен апта Швейцарияның Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Солтүстік Мұзды мұхиты қауіпсіздігіне қызығушылықтың артқан кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұған Трамптың Гренландияны бақылауға алу жөніндегі қоқан-лоққысы және Қытай мен Ресейдің аймақта ықпалын кеңейтуіне жол бермеу туралы мәлімдемелері себеп болды.
АҚШ-тың Дания аумағына тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз еткенін айтқаннан кейін бұл қауіп бәсеңдесе де, Арктика қауіпсіздігі Финляндия, НАТО одақтастары және Қытай үшін стратегиялық маңызы артып келе жатқан мәселелердің бірі.
Мұздықтардың азаюына байланысты жаңа, әрі жылдам теңіз тасымалы бағыттарының ашылуы және Азия мен Еуропа арасындағы транзит уақытының шамамен екі есеге қысқаруы Арктика аймағын халықаралық сауда үшін маңызды етіп отыр.
Өткен апта Давоста жалғасқан пікірталас барысында Финляндия президенті Александр Стубб НАТО-ны Солтүстік Мұзды мұхиты қауіпсіздігі бойынша келісімді қабылдауға шақырғанын мәлімдеген еді.
«Сындарлы келіссөздер»
Финляндия аумағының үштен бірі Солтүстік поляр шеңберінің солтүстігінде орналасқандықтан Қытай өзін солтүстікке жақын мемлекет деп сипаттайды және «Полярлық Жібек жолын» қалыптастыруды мақсат етеді.
Си сейсенбі күні тараптарды энергия, ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы сияқты салаларда ынтымақтастықты кеңейтуге және фин кәсіпорындарын Қытай нарығының «кең мұхитында» «еркін жүзуге» шақырды.
25-28 қаңтар аралығында Бейжіңде болған Орпо Сиге екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасудың жалғасуын күтетінін жеткізді.
Орпо 2024 жылғы мемлекеттік сапар барысында Сидің Финляндия президентімен өткізген ашық, әрі сындарлы келіссөздеріне тоқталды.
Стубб Симен болған кездесуінде Қытайда тіркелген кемелердің қатысуымен суасты электр кабельдеріне, табиғи газ құбырларына және телекоммуникация желілеріне келтірілген залалға қатысты жалғасып жатқан бірқатар мәселелерді көтерді. Осы жағдай бойынша қытайлық кеме капитаны Гонконг сотында мүлікке зиян келтіру айыбы бойынша жауапқа тартылып отыр.
Сондай-ақ Стубб Солтүстік Кореяның Ресейдің Украинадағы соғысына қолдауын атап өтіп, мұның НАТО мен ЕО тарапынан арандатушылық ретінде қабылданатынын айтты.
Орпо Стуббтың Сиге қолайлы уақытта Финляндияға ресми сапармен келу жөніндегі шақыруын қайталағанын, сондай-ақ Финляндия парламентінің төрағасы Юсси Халла-ахоның жоғары лауазымды депутат Чжао Лэцзиді елге шақырғанын мәлімдеді.