Түркия Эгей аралдарының қарусыздандырылған мәртебесін әлсірету әрекеттеріне қарсы
Түркия Сыртқы істер министрлігі Лозанна келісімі мен Париж бейбітшілік келісіміне сәйкес Эгей теңізіндегі аралдардың құқықтық мәртебесі талқыланбайтынын мәлімдеді.
Түркия Эгей теңізіндегі аралдардың қарусыздандырылған мәртебесін әлсіретуге бағытталған бастамаларды «өкінішті және орынсыз» деп бағалап, қатаң сынға алды.
Түркия Сыртқы істер министрлігі бейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде 1923 жылы қол қойылған Лозанна келісімі және 1947 жылғы Париж бейбітшілік келісімі аясында Шығыс Эгей аралдары мен Он екі аралдың құқықтық мәртебесі талқыланбайтын мәселе екенін атап өтті.
Министрлік өкілі Өнжү Кечели: «Осындай жағдайда өңірдегі соңғы оқиғаларды өз пайдасына пайдаланғысы келетін және әр мүмкіндікте НАТО-дағы одақтасымыз Грекиямен екіжақты қарым-қатынастарымызды бұзуға тырысатын кейбір топтардың жаңа бір орынсыз әрекет жасауға талпынысы, шын мәнінде таңғаларлық жағдай емес», - деді.
Кечели сөзін жалғастырып, «Түркияны ревизионизммен айыптайтын осы топтардың халықаралық құқыққа қайшы кез келген қадамы заңдыемес. Ең таңғаларлығы бұрын Кипр аралының тең иесі болған Кипр түріктерін жаппай жоюға тырысқан осы көзқарастағы адамдардың бүгін «оларды қорғаймыз» деп мәлімдеуі», - деді.
Оның айтуынша, Кипр түріктері мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасы Түркияның қолдауымен өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады және бұл мәселеде дербес әрекет етуге қабілетті.
Өңірдегі соңғы оқиғалар аясында Кечели бейбітшілік пен тұрақтылыққа деген адалдықтың маңызын атап өтті. Ол Анкара ішкі саяси себептермен әрекет ететін және Түркияға қарсы негізсіз айыптаулар мен жалған ақпарат таратуды әдетке айналдырған топтардың орынсыз әрекеттеріне жол берілмейтінін мәлімдеді.
Сонымен қатар өкіл барлық тараптарды салқынқандылық пен парасаттылық танытуға шақырды.