Зеленский әуе қорғанысын күшейтуді сұрады
Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған шабуылдары Киевті жылусыз қалдырған кезде Зеленский одақтастарын әуе қорғанысы қолдауын арттыруға шақырды.
Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні Ресейдің шабуылдарынан кейін Киевтегі жүздеген ғимараттың екінші күн қатарынан жылусыз қалуына байланысты одақтастарынан әуе қорғанысы бойынша қосымша қолдау сұрады.
Ресей шамамен төрт жылға жуықтап қалған соғыс барысында Украинаның энергетикалық инфрақұрылымын нысанаға алуды жалғастырып келеді. Киев билігінің мәлімдеуінше, бұл қыс – соғыс басталғалы бергі ең ауыр кезең. Әсіресе қақаған аяз кезінде жүздеген ресейлік дрон мен зымыран шабуылы жағдайды одан әрі қиындатты.
Зеленский Литваның астанасы Вильнюске келген кезде жасаған мәлімдемесінде:
«Тек осы аптада ғана ресейліктер 1 700-ден астам соққы жасаушы ұшқышсыз аппарат, 1 380-нен астам басқарылатын авиациялық бомба және әртүрлі үлгідегі 69 зымыран ұшырды», – деді.
Ресейдің әсіресе Киевке қатты соққы бергені, шабуыл салдарынан жарты миллионға жуық адамның эвакуациялануға мәжбүр болғаны хабарланды.
Киев қаласының мэрі Виталий Кличко: «24 қаңтарда Киевке жасалған жау шабуылынан кейін қазір қаладағы 1 676 көпқабатты тұрғын үй жылусыз қалып отыр», – деді.
Қатты аяз бен әуе шабуылдарының үзілмеуі жылу және электр жүйелерін қайта іске қосуға тырысып жатқан қызметтердің жұмысын қиындатуда.