БҰҰ наразылық шеруі кезінде Иранды «барынша ұстамдылыққа» шақырды

БҰҰ Бас хатшысы Гутерриш ирандықтардың өз талаптарын қорықпай білдіре алуы керектігін айтып, үкіметті шерушілерге қарсы «негізсіз немесе шектен тыс» күш қолданудан аулақ болуға шақырды.

By
БҰҰ ұстамды болуға шақырды / Reuters

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Иран билігін наразылық шараларына қатысты «барынша ұстамдылық» танытуға және «негізсіз немесе шектен тыс» күш қолданбауға шақырды.

Ұйымның ресми өкілі Стефан Дюжаррик жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде «Бас хатшы Иран Ислам Республикасының түрлі аймақтарында билік тарапынан шерушілерге қарсы қолданылған зорлық-зомбылық пен шектен тыс күш туралы хабарлардан және мұның көптеген адам өліміне әкеп соқтырғанына алаңдап отыр», — деді.

Гутерриш ирандықтар өз «шағымдарын» қорықпай және бейбіт түрде жеткізе алуы тиіс екенін баса айтып, халықаралық құқықпен кепілдік берілген сөз бостандығы, ұйым құру бостандығы және бейбіт жиналыстар бостандығы құқықтары «толықтай құрметтелуі және қорғалуы» керектігін білдірді.

Бас хатшы сонымен қатар байланыс қызметтерін қалпына келтіруді қоса алғанда, елде ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ететін қадам басуға шақырды.

Лондонда орналасқан “NetBlocks” интернет-мониторинг тобы жексенбі күні бүкіл ел бойынша интернеттің өшірілгеніне төртінші күн болғанын және Иранның 72 сағаттан астам уақыт бойы желіден тыс (offline) қалғанын хабарлады.

Наразылық шерулері 28 желтоқсан күні Тегеранның Үлкен базарында Иран риалының кенеттен құнсыздануы мен экономикалық жағдайдың нашарлауына байланысты басталып, кейіннен бірнеше қалаға тарады.

АҚШ-та орналасқан “HRANA” адам құқықтарын қорғау тобы 490 шеруші мен 48 қауіпсіздік қызметкерінің қаза тапқанын, 10 600-ден астам адамның ұсталғанын хабарлады. Ал қаза болғандар саны туралы ресми дерек әлі жоқ.