Сирия армиясы YPG лаңкестік ұйымының ұшқышсыз ұшу аппараттарын атып түсірді

Сирия Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз ұшу аппараттарының атыс тоқтату режиміне қарамастан Айн әл-Араб маңындағы жол мен үйлерді нысанаға алғанын хабарлады.

By
Сирия армиясы YPG лаңкестік ұйымының ұшқышсыз ұшу аппараттарын атып түсірді / AA

Сирия Қорғаныс министрлігі Сирия армиясының Алеппо уәлаятындағы Айн әл-Араб қаласының маңындағы бейбіт тұрғындардың үйлерін нысанаға алуға тырысқан YPG лаңкестік ұйымына тиесілі ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) атып түсіргенін мәлімдеді.

Министрлік дүйсенбі күні кешкісін жасаған мәлімдемесінде Сирия армиясының бөлімшелері лаңкестік ұйым қолданған бірнеше камикадзе-дрон мен барлау аппараттарының жолын кескенін атап өтті.

Сирия араб ақпарат агенттігі (SANA) министрліктің Медиа және коммуникация департаментіне сілтеме жасай отырып, «Армия күштері YPG лаңкестік ұйымына тиесілі бірнеше камикадзе және барлау дронын атып түсірді», — деп хабарлады.

Мәлімдемеге сәйкес, бұл ұшқышсыз аппараттар «Алеппо уәлаятындағы Айн әл-Араб маңындағы жол мен елді мекендердегі үйлерді нысанаға алу» мақсатында қолданылған.

Сирия үкіметі мен YPG лаңкестік ұйымы арасындағы атысты тоқтату келісімі тағы 15 күнге созылғанына қарамастан террор ұйымы шабуылын тоқтатпай отыр.

Сирия армиясы жексенбі күні де YPG-нің Сирияның солтүстігіндегі Айн әл-Араб аймағының төңірегіндегі армия бекіністеріне соққы беру арқылы атыс тоқтату режимін бұзғанын жариялаған болатын.