«Түркия Украинада, Газа секторында және Суданда бейбітшілік орнату бастамаларын қайта жандандырады"
«G20» көшбасшылар саммитіне қатысу үшін Йоханнесбург қаласына барған Түркия президенті Ердоған баспасөзге сөйлеген сөзінде Анкараның бейбітшілік үшін қолынан келгенін жасап, әрекет етуді жалғастыратынын айтты.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Таяу Шығыстан Африкаға және Украинаға дейін созылып жатқан қақтығыс аймақтарында халықаралық бейбітшілікке ұмтылған бастамаларға қатысуды арттыра беретінін айтып, Анкараның жаһандық дағдарыстарды шешу жолындағы жетекші рөлін атап өтті.
Жексенбі күні Оңтүстік Африканың Йоханнесбург қаласында өткен «G20» көшбасшылар саммиті барысында баспасөз өкілдеріне сұқбат берген Ердоған Түркияның Украина мен Ресей арасында әділ және тұрақты бейбітшілік орнату үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтты.
Ердоған дүйсенбі күні Қаратеңіз астық дәлізін қайта іске қосу мәселесін талқылау үшін Ресей президенті Владимир Путинге телефон соғатынын мәлімдеп, бұл күш-жігердің түпкі мақсаты бейбітшілікке жол ашу екенін жеткізді.
Президент сөзінде: «Бұл үдерісті бастай алсақ, оның өте пайдалы болaтынына сенімдімін»,- деді. Сондай-ақ ол қақтығысты тоқтату үшін Түркияның жауапкершілік алудан ешқашан қашпайтынын баса айтты.
Ердоған: «Көп адам қаза тапты. Бұл өлімдерді тоқтату үшін қандай қадам басатынымызды (Путинмен) талқылаймын. Осы келіссөздерден кейін нәтижесін еуропалық әріптестерімізбен, Трамп мырзамен және басқа да достарымызбен талқылауға мүмкіндік болады деп ойлаймын», - деді.
Израильдің Газадағы геноциді
Ердоған Газаға орналастырылуы жоспарланып отырған халықаралық тұрақтылық күшіне түрік қауіпсіздік күштерінің қатысуына байланысты Израильдің қарсылығына жауап беріп, мәселенің әлі де Қорғаныс министрлігі деңгейінде қарастырылып жатқанын айтты.
Ердоған: «Талқылаудан кейін өз шешімімізді қабылдаймыз», - деді.
Түркия Газада атысты тоқтату келісіміне араағайын болып, Мысырда қол қойылған келісімнің тараптарының бірі болған еді. Анкара Израиль үкіметінің қарсы шыққанына қарамастан, жоспарланған тұрақтандыру күшіне қатысуға дайын екенін бірнеше мәрте мәлімдеген.
Ердоған Газадағы шабуылдардың геноцид екенін және бұл геноцидке Беньямин Нетаньяху жауапты екенін тағы да қайталады.
Президент сондай-ақ 1967 жылғы шекараларға негізделген, астанасы Шығыс Иерусалим болатын, тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылмайынша бейбітшілік орнамайтынын атап өтті. Ол Түркияның Палестинаны табанды түрде қолдайтынын, Газадағы бейбіт халықтың құқықтарын батыл қорғап келе жатқанын тоқталды.
Судандағы қақтығыс
Судандағы қақтығысқа да тоқталған президент Ердоған судандық бауырлар бейбітшілік орнатудағы күш-жігерге Түркияның қатысуын қалайтынын айтып, Анкараның қақтығысты тоқтатуға барынша көмек көрсететінін жеткізді.
Судандағы соғыс 2023 жылы Судан Қарулы Күштері мен Жедел Қолдау Күштері арасында билікке тартыс кезінде басталған еді. Жедел Қолдау Күштерінің елдің ірі қалаларының бірі Әл-Фаширді басып алуы жаппай қырғынға әкелді.
Түркия Судан үкіметіне қолдауын растай отырып, қақтығыстардың тоқтатылуын талап етіп келеді.