Шыңғыс Айтматов: әлем әдебиетіндегі өшпес мұра
Шыңғыс Айтматов: әлем әдебиетіндегі өшпес мұра«Адам бәрін айтып жеткізе алмайды, сөз де бәрін жеткізуге қауқарсыз...»
Шыңғыс Айтматов.

Қырғыз халқының үнін әлемге танытқан Шыңғыс Айтматовтың өмірден өткеніне 18 жыл толды.

Оның шығармаларының негізінде қырғыз халқының ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, ертегілері, эпостары мен халық әндері жатыр.

Зұлмат жылдардың жарасы

Шыңғыс Айтматов 1928 жылғы 12 желтоқсанда Қырғызстанның Талас өңіріндегі Шекер ауылында дүниеге келген. Төрт балалы отбасының тұңғышы болды.

Мемлекеттік қызметкер болған әкесі Төреқұл Айтматовтың қызметіне байланысты Шыңғыс алғашқы білімін Мәскеуде алды. Алайда әкесінің кеңестік билік тарапынан айыпталуына байланысты оқуын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.

Төреқұл Айтматов 1937 жылы қырғыз тілін қорғағаны үшін Кеңес Одағының басшысы Иосиф Сталин тарапынан «халық жауы» деп жарияланды. Соның салдарынан ол отбасынан ажыратылып, ату жазасына кесілді. Айтматовтар әулеті әкесінің қаза тапқанын шамамен 20 жылдан кейін ғана білді.

Балалық шақтың бесігі – Шекер

Төреқұл Айтматовтың қазасынан кейін отбасы Мәскеуден Шекер ауылына оралды. Шекер ауылы Шыңғыс Айтматовтың сөзімен айтқанда, «адам тағдырын қалыптастыратын жер» еді.

Әжесі Айымқан мен Қарақыз апа Шыңғысқа ертегі, аңыз, мақал-мәтел мен халық әндерін айтып беретін. Бұл әңгімелер оның дүниетанымын қалыптастырып қана қоймай, жан жарасын да емдеуге көмектескен.

1938 жылы отбасы Кировское ауылына көшті. Шыңғыс оқуын осы жердегі орыс интернат-мектебінде жалғастырды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр кезеңінде, 1942 жылы мектепті тастап, колхозда хатшы және салық қызметкері болып жұмыс істеді. Ол соғыстың адамдарға әкелген ауыр зардаптарын өз көзімен көрді.

Соғыстан кейін Ветеринариялық техникумға түсіп, ұстаздарының кеңесімен орыс классиктерін оқи бастады және әдебиетке қызығушылығы артты. Жоғары білімін 1953 жылы Бішкектегі Ауыл шаруашылығы институтында аяқтады.

Әдебиет көгіне көтерілген жұлдыз

Алғашқы «Газетші Дзюдо» атты әңгімесі 1952 жылы «Правда» газетінде жарияланды. Талантын байқаған әдеби орта оны Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтына шақырды.

1958 жылы жазылған «Жәмилә» повесі кеңестік әдеби ортада қызу пікірталас тудырды. Алайда француз жазушысы Луи Арагон шығарманы француз тіліне аударып, оны «әлемдегі ең сұлу махаббат хикаясы» деп атағаннан кейін Айтматовтың даңқы дүниежүзіне тарады.

Қалам қуаты мойындалған жылдар

Сталиннің өлімінен кейін басталған салыстырмалы еркіндік кезеңінде Айтматов «Новый мир» журналында редактор, «Правда» газетінде тілші ретінде қызмет атқарды.

1963 жылы «Тау мен дала  хикаяcы» атты шығармасы үшін Ленин атындағы әдеби сыйлыққа ие болды. Ал 1968 жылы оған Қырғызстанның халық жазушысы атағы берілді.

1983 жылы «Ғасырдан да ұзақ күн» романы үшін екінші рет КСРО Мемлекеттік әдеби сыйлығын иеленіп, сондай-ақ Пабло Неруда атындағы сыйлыққа да лайық деп танылды.

Жазушы мәдениет саласында басшылық лауазымдарда қызмет атқарды, депутат болды. Саяси және дипломатиялық қызметінде ЮНЕСКО аясында жұмыс істеп, КСРО, Ресей және Қырғызстан атынан Люксембургте, Нидерландта және Бельгияда елші қызметін атқарды.

Мәңгілікке аттанған қаламгер

Шыңғыс Айтматов 2008 жылғы 10 маусымда «Ғасырдан да ұзақ күн» романы бойынша түсіріліп жатқан фильм жұмыстары үшін барған Татарстанда сырқаттанып, кейін емделуге жеткізілген Германияда қайтыс болды.

Ол әкесі жерленген Бішкектегі «Ата-Бейіт» мемориалдық кешенінде жер қойнына тапсырылды.

Айтматов әлемі

Қос тілде жазған қаламгер алғашқы кезеңде шығармаларын қырғыз тілінде жазып, кейін орыс тіліне аударды. Кейінгі жылдары керісінше орыс тілінде жазып, қырғыз тіліне аударды.

Қырғыз халқының тарихын, мәдениетін, қайғысы мен қуанышын әлемге танытқан жазушының дүниетанымы мына сөздерінде айқын көрінеді:

«Адам бәрін айтып жеткізе алмайды, сөз де бәрін жеткізуге қауқарсыз...»

Негізгі шығармалары: “Жәмилә”, “Алғашқы ұстаз”, “Қызыл орамалды шынарым”, “Жер-Ана”, “Ақ кеме”, “Ғасырдан да ұзақ күн”, “Жан пида”, “Қош бол, Гүлсары!”.