Жапония премьер-министрі Қытайды келіссөз жүргізуге шақырды
Такаитидің мәлімдемелері Қытайдың Жапониядағы елшілігі Жапонияның кейбір өңірлерінде қоғамдық қауіпсіздік нашарлағаны жөнінде ескерту жасап, Қытай азаматтарына Жапонияға сапар шегуден уақытша бас тартуға кеңес берген хабарламадан кейін жарияланды.
Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити Тайваньға қатысты мәлімдеме жасағаннан кейін екі ел арасында туындаған шиеленіске қарамастан, Қытайды қайта диалогқа шақырды. Дүйсенбі күні жылдың алғашқы баспасөз мәслихатында үкіметтің басымдықтары туралы сөз қозғаған Такаити екі ел арасындағы алаңдаушылықтар мен мәселелерді шешу үшін байланыс пен диалогтың маңыздылығын атап өтті.
«Kyodo News" агенттігінің хабарлауынша, Такаити: «Еліміз Қытаймен түрлі диалог мүмкіндіктеріне ашық және ешқашан есігін жапқан емес», - деді.
Такаитидің бұл мәлімдемесі Қытайдың Жапониядағы елшілігі сенбі күні таратқан мәлімдемеден кейін жарияланды. Аталған хабарламада Жапонияның кейбір аймақтарында соңғы уақытта қауіпсіздіктің нашарлағаны айтылып, Қытай азаматтарына жақын уақытта Жапонияға бармауға кеңес берілген.
Қытай елшілігінің соңғы мәлімдемесіне байланысты жапон билігі әзірге ресми жауап берген жоқ.
Еске сала кетейік, Санаэ Такаити өткен жылдың 7 қарашасында Қытайдың Тайваньға ықтимал шабуылы заң жүзінде «қауіпті жағдай» ретінде бағалануы мүмкін екенін, мұндай жағдайда Жапонияның өзін қорғайтынын айтқан еді. Осы мәлімдемеден кейін Қытай мен Жапония арасындағы шиеленіс күшейе түсті.
Такаитидің сөздері Пекинде кең ауқымды наразылыққа ұшырап, Қытай Жапонияға сапар шекпеуге кеңес берді, сондай-ақ теңіз өнімдерінің импортына қайтадан тыйым салу сияқты бірқатар шектеу шарасын енгізді.