Түркия АҚШ-тағы музейден құнды жәдігерді қайтарды
V ғасырдан қалған мәрмәр мүсіннің бас бөлігі қазір Измирде.
Мәдениет және туризм министрлігі ежелгі Смирна қаласынан табылып, АҚШ-та болған мәрмәр мүсін басының Түркияға қайтарылғанын хабарлады.
Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой сейсенбі күні «Nsosyal» платформасында жариялаған мәлімдемесінде Денвер өнер музейінің қорында сақталған бұл жәдігердің шығу тегі ғылыми түрде дәлелденгеннен кейін елге қайтарылғанын айтты.
Ерсойдың айтуынша, 1934 жылғы құжаттар мен мамандардың зерттеулері бұл бөліктің Смирна ежелгі қаласының агора қазбаларынан табылғанын және Феодосий дәуіріне тиесілі екенін растаған.
Ол бұл жәдігердің заңсыз жолмен шетелге шығарылғанын атап өтті.
Ерсой: «Денвер өнер музейімен жүргізілген ынтымақтастық пен өзара түсіністікке негізделген диалогтың арқасында бұл жәдігерді елге қайтардық», – деді.
Министрдің сөзінше, жәдігер қазір Измир археология музейінде көпшілікке ұсынылып отыр. Ол сондай-ақ Мәдени мұра және музейлер бас басқармасының қызметкерлеріне және үдеріске үлес қосқан өзге де тұлғаларға алғыс білдірді.
Ерсой мәлімдемесінде «Мәдени мұрамызды қорғауды табандылықпен жалғастырамыз», – деді.