Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасының төрағасы Бурханеттин Дуран сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде 67 мыңнан астам адамның өмірін қиған қырғынды еске алып, Израильдің Газаға жасаған шабуылдарын геноцид және басқыншылық деп бағалады.
Ол «Nsosyal» платформасындағы жазбасында бұл тек палестиналықтардың қасіреті емес, халықаралық тәртіп, құқық пен адами құндылықтар сынға түскен масқара жағдай екенін атап өтті. Ол сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың үнсіз қалуы әділет тетіктерінің күйрегенін тағы бір мәрте айқын көрсеткенін айтты.
Басқарма төрағасы Израильдің Газаға жасаған шабуылдары мен геноцидіне екі жыл толғанын еске салып, былай деді: «Бомбалау, қоршау және жүйелі қирату ондаған мың бейбіт тұрғынның, әйелдер мен балалардың өмірін қиды. Бүкіл әлемнің көз алдында бір халық өз жерінен, ең негізгі өмір сүру құқықтарынан айырылды. Газадағы жағдай - жай ғана қақтығыс емес, бұл жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқан геноцид пен басқыншылық”.
Дуран Түркияның ақиқатты басынан бері ашық айтқанын және палестиналықтардың жанында екенін атап өтіп, «Президентіміз Режеп Тайып Ердоғанның жетекшілігімен, бұл ұстаным дипломатиялық алаңдарда, әрі гуманитарлық көмек бағытында табандылықпен жалғасып келеді. Палестина халқының жанайқайы естілгенше, әділет орнағанша бұл күрес тоқтамайды,» - деді.
Сондай-ақ ол өңірдегі гуманитарлық дағдарысты айқындайтын «Соңы жоқ геноцид: Газа» атты бейнеролик жариялады.




























