АҚШ, Жапония және Филиппин ауқымды әскери жаттығу өткізуде

Мыңдаған америкалық және филиппиндік сарбаз жыл сайынғы әскери жаттығуларын бастады. Биыл бұл оқу-жаттығуларға алғаш рет Жапонияның ірі әскери бөлімшесі де қатысуда.

By
АҚШ, Жапония және Филиппин ауқымды әскери жаттығу өткізуде. (Сурет: МҰРАҒАТ) / AFP

Әскери жаттығулар Тайвань бұғазына қараған аумақта, сондай-ақ даулы Оңтүстік Қытай теңізі жағалауындағы бір провинцияда жауынгерлік оқ-дәрімен өткізіледі.

1400 әскери қызметкер жіберген Жапония әскері солтүстіктегі Паоай жағалауында нысана кемеcін суға батыру үшін Type 88 қанатты зымыранын қолданады.

19 күнге созылатын жаттығуларға 17 мыңнан астам сарбаз, әуе күштері қызметкерлері мен теңізшілер қатысуда. Олардың қатарында Аустралия, Жаңа Зеландия, Франция және Канада әскери бөлімдері де бар.

АҚШ жаттығуларының өкілі, подполковник Роберт Банн бұл маневрлердің «еркін әрі ашық Үнді-Тынық мұхиты өңіріне деген міндеттемені» көрсететінін айтты. Ол сондай-ақ АҚШ-тың Таяу Шығыста жүргізіп отырған соғысы бұл елдің әскери қызметкерлер санына әсер етпейтінін атап өтті.

Өңірлік шиеленіс ошақтары

Жаттығулар Иран, АҚШ және Израиль арасындағы соғысты тоқтатқан екі апталық бітімнің аяқталуына санаулы күндер қалғанда өтіп жатыр.

Бұл қақтығыс энергия бағасының жаһандық дағдарысын туғызып, импортқа тәуелді Филиппинге де ауыр әсер етті.

Жаттығулар Пекин Тайвань төңірегіндегі әскери қысымды күшейтіп жатқан кезеңде ұйымдастырылып отыр.

Филиппин президенті Фердинанд Маркос өткен қарашада: «Тайваньға байланысты туындауы мүмкін соғыс Филиппинді де еріксіз түрде қақтығысқа тартып әкетеді», - деген еді.

Жаттығулар барысында ұшқышсыз аппараттарға қарсы технологияларды қоса алғанда ықпалдастырылған әуе және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері де сыналады.