Президент Ердоған Йемен мен Сомалидегі тұрақтылықтың аса маңызды екенін айтты
Түркия мен Сауд Арабиясы ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылып жатқан тұста, Анкара аймақтық шиеленістерге араағайын болуға дайын екенін мәлімдеді.
Режеп Тайып Ердоған жексенбі күні Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен телефон арқылы сөйлесіп, Йемен мен Сомалидегі жағдайды мұқият қадағалап отырғандарын айтты. Сондай-ақ тұрақтылықтың және екі елдің аумақтық тұтастығын сақтаудың маңызын атап өтті.
Президент аппараты жанындағы Коммуникация басқармасының мәліметінше, Ердоған мен Мұхаммед бен Салман телефон барысында екіжақты қарым-қатынастарды, сондай-ақ аймақтық және жаһандық мәселелерді талқылаған.
Ердоған Йеменде келіспеушілікке тап болған тараптарды бір үстел басына жинау бағытындағы күш-жігерге Түркияның үлес қосуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Анкараның Түркия мен Сауд Арабиясы арасындағы ынтымақтастықты арттыруды көздеп отырғанын айтты.
Қыс маусымының басталуымен Газадағы гуманитарлық ахуалдың нашарлап бара жатқанын ескерткен Ердоған Түркияның соғыс зардабын шеккен аймақта тұрақты бітімге қол жеткізу және қайта қалпына келтіру үшін жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті.