Түркия Газа секторында жауапкершілік алуға дайын
Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Анкараның Газада жауапкершілік алуға дайын екенін айтты.
Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан қоршаудағы Газаға қажет болған жағдайда әскер орналастыру мүмкіндігін қоса алғанда, жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін айтты.
«Түркия Газадағы ауыртпалықты өз мойнына алуға дайын және бұл міндетті үлкен жауапкершілікпен орындайды. Бұл — халықаралық қауымдастыққа осы мәселеде біздің ең айқын хабарымыз», — деді Фидан сенбі күні “A Haber” телеарнасында тікелей эфирдегі сұхбатында.
Фидан Режеп Тайып Ердоғанның қыркүйектегі АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуіне тоқтала отырып, екі көшбасшы байланыстар мен аймақтық динамикаға қатысты маңызды тақырыптарды талқылағанын айтты.
Ол Түркияның соңғы «сыртқы саясаттағы көрсеткіші» мен серіктес ретіндегі сенімділігі оны көптеген мәселелер бойынша ынтымақтастыққа сұранып отырған ойыншыға айналдырғанын жеткізді.
АҚШ-тағы келіссөздер екі ел үшін, кең аймақ үшін және жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылық үшін маңызды мәселелерді қайтадан күн тәртібіне шығарғанын айтты.
Тұрақтандыру күші
Фидан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюция жобасының әлі талқыланып жатқанын білдірді.
Ол ұсынылып отырған тұрақтандыру күші Трамп бейбітшілік жоспары шеңберіндегі екі құрылымның бірі екенін және талқылаулар оның мандатын қалай анықтайтынын, әрі жүзеге асырылғанда қалай жұмыс істейтінін заңдық негізде қалыптастыруға бағытталғанын атап өті.
Фидан Газа үшін бейбітшілік комиссиясы мен Халықаралық тұрақтандыру күшін құру туралы талқылаулар жалғасып жатқанын, ұсыныстардың өзгеріп отырғанын және АҚШ бұл мәселені Түркиямен ақылдасып отырғанын білдірді.
Ол тұрақтандыру күшіне алғашқы дайындық жұмыстары басталғанын, соның ішінде АҚШ үйлестіруімен Израильмен бірлесіп құрылған Азаматтық-әскери үйлестіру орталығы іске қосылғанын атап өтті.
Aзаматтық-әскери үйлестіру орталығы (CMCC) ресми түрде 17 қазанда ашылды және ол АҚШ Орталық командалық құрылымы арқылы Израильде құрылған Газадағы жағдайды тоқтату туралы келісімнен кейінгі оқиғаларды бақылауға арналған алғашқы халықаралық операциялық алаң болып табылады.
Ол Түркия Газа үшін гуманитарлық көмекті үйлестірушіні тағайындағанын және көмекті жеткізу үшін қарқынды жұмыс істеп жатқанын, алайда аумаққа кіріп жатқан көмектің көлемі Израиль бұрын уәде еткендегіден әлі де аз екенін атап көрсетті.
«Егер оккупация жалғаса берсе, қарулы қарсылық та тоқтамайды»
Фидан Түркия «іске қарау керек, орындаушыға емес» деген ұстаным ұстанатынын және кемсітушілік кім жасағанына қарамастан айыпталатынын жеткізді.
Ол оккупация жалғасқанша қарулы қарсылықтың да жалғасатынына сенімді екенін айтып, «егер ол Хамас болмаса, басқа біреу болады. Бұл — оккупацияға қарсы тұрудың табиғи салдары» деді.
«Біз не дейміз: мәселе Хамасты қарудан айырудан басталмауы тиіс, мәселе — оккупацияны аяқтайтын және қысымды азайтып, жоятын механизмді құрудан басталуы керек. Бұл логиканы айқын түсіндіру қажет», — деді ол.