Қытай Ресей мен Иранның қорғаныс министрлерін қабылдады

Қытай шығыс жағалаудағы Циндао қаласында Иран мен Ресейдің қорғаныс министрлерін қабылдады.

/ Reuters

Қытай бейсенбі күні Таяу Шығыстағы соғыс пен Еуропада НАТО елдерінің әскери шығындарын арттыру туралы шешім қабылдаған саммиттің алдында шығыс жағалаудағы Циндао қаласында Иран мен Ресейдің қорғаныс министрлерін қабылдады.

Пекин көптен бері он мүшеден тұратын Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын Батыс жетекшілігіндегі күш блоктарына қарсы тепе-теңдік факторы ретінде танытып, мүше елдер арасындағы саясат, қауіпсіздік, сауда және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға тырысып келеді.

Бұл кездесу Солтүстік Атлантика Шарты Ұйымы (НАТО) жетекшілері Гаагада өткізген саммиттен бір күн кейін өтті. Аталған саммитте мүше елдер АҚШ президенті Дональд Трампты қанағаттандыру мақсатында қорғаныс шығындарын арттыру туралы шешім қабылдаған болатын.

Қытай Қорғаныс министрі Дун Цзюнь Қытайдың маңызды әскери-теңіз базасы орналасқан Циндаода өткен бұл жоғары деңгейдегі кездесу туралы “хаос пен тұрақсыздық жайлаған әлемге қарсы тепе-теңдік факторы” ретінде бағалады.

«Тарихи бетбұрыс»

“Xinhua” мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, сәрсенбі күні Ресей, Иран, Пәкістан, Беларусь және басқа да елдерден келген қорғаныс басшыларын қабылдаған Қытай Қорғаныс министрі Дун Цзюнь: «Ғасырдың ауқымды өзгерістері үдей түсуде, біржақтылық пен протекционизм күшеюде», – деді.

«Гегемониялық, қыспаққа алатын және күш көрсететін әрекеттер халықаралық тәртіпті елеулі түрде әлсіретіп отыр», – деген Дун әріптестерін «бейбіт дамуға қолайлы орта қалыптастыруды бірлесе отырып қорғау үшін батыл қадамдар жасауға» шақырды.

Саммит аясында қытайлық әріптесімен кездескен Ресей Қорғаныс министрі Андрей Белоусов екі ел арасындағы қарым-қатынастың «бұрын-соңды болмаған деңгейге» жеткенін атап өтті.

Белоусов: «Екі ел арасындағы достық байланыстар жан-жақты дамуын жалғастырып келеді», – деді.

Қытай өзін Ресей мен Украина арасындағы соғыста бейтарап тарап ретінде көрсетуге тырысса да, Батыс үкіметтері Пекиннің Мәскеуге көрсетіп отырған экономикалық және дипломатиялық қолдауын шешуші фактор ретінде бағалайды.