Иран Хормуз бұғазынан өтуге тырысқан кемелерге шабуыл жасалатынын ескертті

Хормуз бұғазы ˗ Парсы шығанағындағы ең ірі мұнай өндірушілер Сауд Арабиясы, Иран, Ирак және Біріккен Араб Әмірліктерін Оман шығанағы және Араб теңізімен байланыстыратын әлемдегі ең маңызды мұнай экспорттық бағыттардың бірі.

By
Иран Хормуз бұғазынан өтуге тырысқан кемелерге шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескертті / Reuters

Иран медиасының хабарлауынша, Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы стратегиялық маңызы бар Хормуз бұғазын барлық кеме қозғалысына жапқанын хабарлап, бұл су жолын пайдалануға тырысқан кез келген кеменің нысанаға алынатынын ескерткен.

«Reuters» агенттігінің мәліметінше, дүйсенбі күні жергілікті БАҚ-та жарияланған мәлімдемеде Ислам Революциясы сақшылары бас қолбасшысының аға кеңесшілерінің бірі Ибрахим Джабари Хормуз бұғазының жабық екенін және өтпек болған кемелерді өртеп жіберетіндерін айтқан.

Джабаридің мемлекеттік БАҚ-та жарияланған мәлімдемесінде «Бұғаз (Хормуз бұғазы) жабық. Егер біреу өтуге тырысса, Революция сақшылары мен тұрақты әскери-теңіз күштері ол кемелерді өртеп жібереді», - делінген.

Егер бұл шешім іс жүзінде орындалса, әлемдік мұнай экспортының шамамен бестен бірі өтетін бұғаз арқылы коммерциялық кеме қатынасы тоқтайды.

Хормуз бұғазы – Парсы шығанағының тар мойнағы және әлемдік мұнайдың шамамен бестен бірі осы жерден өтеді.

Бұғаздың солтүстігінде Иран орналасқан. Осы бағыт арқылы өтетін танкерлер Сауд Арабиясы, Кувейт, Ирак, Катар, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері және Ираннан мұнай мен газ тасымалдайды. Бұл мұнайдың басым бөлігі Азия елдеріне жөнелтіледі.

Хормуз бұғазындағы кез келген көлік қозғалысының тоқтауы жаһандық мұнай саудасына өте ауыр әсер етуі мүмкін.

«Neuberger Berman» инвестициялық басқару компаниясының аға менеджері Хакан Кая: «Қауіптің ауқымын бағалау мүмкін емес», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бір немесе екі аптаға созылатын ішінара баяулау мұнай компаниялары үшін аса маңызды мәселе болмауы мүмкін. Алайда бір айға немесе одан да ұзақ уақытқа созылатын шектеу Еуропадағы табиғи газ бағасын 2022 жылы байқалған дағдарыс деңгейіне немесе одан да жоғары деңгейге жеткізуі ықтимал.

Иран соғысының өршуі

Жаһандық тасымал үшін аса маңызды су жолы саналатын Хормуз бұғазының ең тар жерінің ені шамамен 33 шақырым (21 миль). Бұғаз Парсы шығанағы мен Оман теңізін жалғайды.

Осы бұғаз арқылы кемелер әлемнің басқа аймақтарына жол тартады. Иран мен Оманның бұғазда су айдыны болғанымен, бұл аймақ барлық кемелер пайдалана алатын халықаралық су жолы ретінде қарастырылады. Зәулім ғимараттарымен танымал Дубай орналасқан Біріккен Араб Әмірліктері де осы су жолының маңында орналасқан.

Тарих бойы бұғаз сауда үшін маңызды рөл атқарды. Қытайдан керамика, піл сүйегі, жібек және тоқыма бұйымдары осы өңірге жеткізілсе, қазір супертанкерлер Сауд Арабиясы, Кувейт, Ирак, Катар, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері және Иран елдерінен тасымалданатын мұнай мен газдың негізгі бағытына айналды.

Бұғаз жабық па?

Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінде бұғазды айналып өтетін құбыр желілері болғанымен, АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасының мәліметінше, бұғаз арқылы өтетін танкерлердің басым бөлігінің өңірден шығуы үшін балама жол жоқ.

Бұған дейін бұл бағытқа төнген қауіп жаһандық энергия бағасының өсуіне әсер еткен. Маусым айындағы Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс кезінде де осындай ықпал байқалды.

Деректер мен талдау компаниясы «Kpler» «X» платформасында бұғаздың ресми түрде жабылмағанын, алайда спутниктік навигация жүйелеріндегі іркілістер салдарынан танкер қозғалысының күрт азайғанын хабарлады.

Ұлыбританияның Теңіз сауда операциялары орталығы бұғаздың екі жағындағы аймақта бірнеше кемеге шабуыл жасалғанын мәлімдеп, кемелердің орналасуын көрсететін жүйелерге электрондық операциялардың күшейгені жөнінде ескерту жасады.

Оман билігі Оман теңізінің шығысында Хормуз бұғазына шығатын жолда Маршалл аралдарының туын көтерген мұнай танкеріне жарылғыш зат тиелген экипажсыз су аппаратымен шабуыл жасалып, бір теңізшінің қаза тапқанын хабарлады.