«ASELSAN» экспорттық келісімшартқа қол қойды
Келісімшарт Азия-Тынық мұхиты аймағында жұмыс істейтін тапсырыс берушіге байланыс жүйелері мен ұшқышсыз теңіз аппараттарына арналған пайдалы жүктемелерді тікелей сатуды қамтиды.
Түркияның қорғаныс саласындағы алыбы «ASELSAN» дүйсенбі күні Азия-Тынық мұхиты аймағында қызмет ететін тапсырыс берушімен 171 млн АҚШ доллары көлемінде халықаралық экспорттық келісімшартқа қол қойғанын хабарлады.
«ASELSAN» Қоғамдық ақпараттандыру платформасына (KAP) жасаған мәлімдемесінде бұл келісім байланыс жүйелері және ұшқышсыз теңіз аппараттарына арналған пайдалы жүктемелерді тікелей сатуға қатысты екенін білдірді. Алайда тапсырыс берушінің аты-жөні жарияланған жоқ.
Түркия астанасы Анкарада орналасқан «ASELSAN» 1975 жылы құрылған. «ASELSAN» – елдегі ең ірі қорғаныс кәсіпорындарының бірі, әрі әлемдік деңгейде өз саласында алғашқы 50 кәсіпорын қатарында.
«Defence News Top 100» рейтингінде 42-орында тұрған «ASELSAN» экспортты ұлғайтып, халықаралық тапсырыс портфелін күшейту арқылы жаһандық беделін арттырды. Компания алғашқы отыздыққа кіруді мақсат етеді.
«ASELSAN» 2025 жылы бірқатар келісімшартқа қол қойды. Компанияның жақында жарияланған тоғыз айлық қаржылық көрсеткіштеріне сәйкес, халықаралық сатылымдар бойынша 1,4 млрд доллар көлемінде тапсырыс қалыптасқан.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тапсырыстың 171% артқанын көрсетеді. «ASELSAN-ның жаңа қол қойылған келісімдерінің шамамен 25%-ы тікелей және жанама шетелдік сатылымдарға тиесілі.