Еуропалық Одақ энергия бағасын бірлесе реттеу қажеттігін мәлімдеді
Еуропалық Комиссия келесі аптада өтетін бейресми саммитте ЕО көшбасшыларының қарауына ұсынылатын энергия бағасын реттеу шаралары бойынша ұсыныстарды 22 сәуірде жариялауды жоспарлап отыр.
Еуропалық Комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Ирандағы соғыс басталғалы бері қазба отын шығыны 25,7 миллиард долларға артқанын айтып, Еуроодаққа мүше елдер энергия бағасы мәселесінде үйлесімді әрекет етуі тиіс екенін мәлімдеді.
Фон дер Ляйен дүйсенбі күні Брюссельде журналистерге берген сұхбатында «Бірнеше елдің бір уақытта нарыққа шығуын болдырмау үшін табиғи газ қоймаларын толтыруды қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ мұнай қорларын босатуды үйлестіре отырып, мүше мемлекеттердің төтенше шараларының ортақ нарыққа кері әсер етпеуін қамтамасыз етеміз», – деді.
Еурокомиссия 22 сәуірде осы ұсыныстарды жариялап, оларды келесі аптада өтетін бейресми саммитте талқылауға ұсынбақ.
Фон дер Ляйен Еуроодақтың атқарушы органы жазға дейін электр энергиясына көшу стратегиясын ұсынатынын айтып, энергия бағасын төмендету үшін құрылымдық шаралардың да қажет екенін атап өтті.
«Қазба отындарға тәуелді болғандықтан шығынымыз өте жоғары. Өкінішке қарай алдағы жылдары да қазба отын ең қымбат энергия көзі болып қала бермек», – деді ол.
«Біздің көміртексіздендіру стратегиямыз соңғы жылдары өз тиімділігін дәлелдеп қана қоймады. Сондай-ақ маңызын арттырып келеді», – деп қосты Фон дер Ляйен.