МАГАТЭ: “АҚШ пен Израильдің Иран атом электр станциясы маңындағы шабуылдары «тоқтатылуы тиіс”
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) басшысы Рафаэль Гросси Иранның Бушер атом электр станциясы маңында қайталанған шабуылдардың ауыр радиологиялық апатқа әкеп соғу қаупі бар екенін және оларды дереу тоқтату керектігін мәлімдеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық бақылау және қадағалау жөніндегі агенттігінің басшысы Иранның Бушер атом станциясы маңындағы шабуылдардың «ядролық қауіпсіздікке өте маңызды қатер төндіретінін және тоқтатылуы тиіс» екенін атап өтті.
Иранның оңтүстігінде орналасқан және 1000 мегаваттық реакторы бар бұл нысан АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғыс бастағалы бері төрт рет нысанаға алынды. Сенбі күні болған соңғы шабуыл туралы Иранның мемлекеттік БАҚ-тары хабарлады.
МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси дүйсенбі күні “Х” желісінде жасаған мәлімдемесінде жұмыс істеп тұрған станция маңындағы шабуылдардың «Иранда және одан да кең аймақта адамдар мен қоршаған орта үшін ауыр зардаптарға әкелетін елеулі радиологиялық апатқа себеп болуы мүмкін» екенін айтты.
МАГАТЭ нысанның спутниктік суреттерін талдай отырып, соңғы шабуылдың станция аумағына әсер еткенін растады. Дегенмен шабуылдар станцияның өзіне зақым келтірген жоқ. Гросси соққылардың бірі станциядан небәрі 75 метр жерге жасалғанын айтып, «Ядролық нысан мен оның айналасындағы аумақтар ешқашан соққы астында қалмауы керек», — деді.
МАГАТЭ мәліметінше, Ресейдің көмегімен салынған Бушер станциясы — Ирандағы жұмыс істеп тұрған жалғыз ядролық энергия реакторы. Ресейдің мемлекеттік баспасөзі соңғы шабуылдан кейін бірден станциядағы 198 жұмысшының эвакуацияланғанын, ал 100-ге жуық ресейлік маманның нысанда қалғанын хабарлады.