Түркі Мемлекеттері Ұйымына 16 жыл
Түркі Мемлекеттері Ұйымының жалпы аумағы 4,25 миллион шаршы шақырымды қамтиды, ал халқының саны шамамен 160 миллион адамды құрайды.
Түркі Мемлекеттері Ұйымына 16 жыл
Түркі Мемлекеттері Ұйымы
6 Қазан 2025

Түркі әлемінің ортақ күші — Түркі Мемлекеттері Ұйымының 12-ші саммиті «Өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздік» тақырыбымен 7 қазанда Әзербайжанда өтеді.

Түркі әлемінің интеграция үдерісіндегі басты ұйымы саналатын Түркі Мемлекеттері Ұйымы (ТМҰ) өзінің 16 жылдығын атап өтуде.

Алғашында «Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (Түрік кеңесі)» деген атаумен құрылған ұйымның іргетасы 2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия қол қойған Нахчыван келісімімен қаланды. Ортақ тарих пен мәдени мұраға сүйенген бұл ұйымның басты мақсаты — түркі әлемінің саяси, экономикалық және мәдени интеграциясын нығайту.

ТМҰ мүше елдер арасында экономикадан саясатқа, білімнен мәдениетке, қорғаныстан қауіпсіздікке, көліктен кеденге, туризмнен спортқа дейінгі көптеген салада ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Қазіргі таңда Түркі Мемлекеттері Ұйымы  4,25 миллион шаршы шақырым аумақты, жалпы алғанда шамамен 160 миллион халқы бар мемлекеттерді біріктіріп отыр. Аймақтық деңгейде ықпалы артқан ТМҰ - түркі әлемінің ортақ күші әрі геосаяси салмағы күшейіп келе жатқан халықаралық ұйым мәртебесіне ие.

2021 жылдың 12 қарашасында Стамбулда өткен мемлекет басшыларының сегізінші саммитінде ұйымның атауы «Түркі Мемлекеттері Ұйымы» болып өзгертілді. Бұл шешім халықаралық аренада түркі мемлекеттерінің интеграциясының жаңа кезеңі ретінде бағаланды.   

ТМҰ-ның толық мүшелері - Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан. Бақылаушы елдер қатарында Түрікменстан, Мажарстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы бар.

Стамбулда орналасқан ұйымның құрылымына Мемлекет басшылары кеңесі, Сыртқы істер министрлері кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Жоғары лауазымды шенеуніктер комитеті және Хатшылық кіреді.

Сонымен қатар Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясы (ТҮРКПА), ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Түркі инвестициялық қоры сияқты ұйымдар да ТМҰ-ның құрамында.

ТМҰ Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ), Дүниежүзілік кеден ұйымы (WCO) және басқа да халықаралық құрылымдармен әріптестік орнатқан.

Ұйым Мажарстан астанасы Будапештте өкілдік ашып,  Еуропалық Одақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы және Вишеград тобы сынды институттармен қарым-қатынасты нығайту мен Еуропадағы беделін арттыруды көздеп отыр.

«Түркі әлемі–2040» стратегиялық құжаты ұйымның ұзақ мерзімді мақсаттарын айқындады. Бұл құжат өзара сенімді нығайтуды, саяси ынтымақтастықты күшейтуді, экономикалық және техникалық байланыстарды арттыруды, гуманитарлық қарым-қатынастарды дамыту мен ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтауды көздейді.

16 жыл ішінде ТМҰ тек мемлекетаралық емес, халықаралық бауырластық байланыстарды да күшейтті. Жақында Түркі академиясының құрамындағы Ортақ түркі әліпбиі жөніндегі комиссияның 34 әріптен тұратын ортақ әліпбиді бекітуі түркі әлемінде үлкен қуанышпен қарсы алынды.

Құрылған күннен бері ұйым 11 рет Мемлекет басшыларының саммитін өткізді. Ал 12-ші саммит 7 қазанда Әзербайжанда «Өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздік» тақырыбымен өтпек.

 

 

Іздеу
Президент Ердоған Ерхүрманды жеңісімен құттықтады
«Арғықазақ мифологиясы» түрік тіліне аударылды
Маңғыстау облысы Түріксой ұйымына ағаш үй тарту етті
Францияда Шыңғыс Айтматовтың құрметіне конференция өтті
Алматыда Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай конференция өтті
Түркия мен Әзербайжан қарулы күштер реформасын талқылады
Нобель сыйлығының иегері Азиз Санжар Солтүстік Кипр Түрік Республикасының азаматы атанды
СКТР туризмді дамыту мақсатында "Turkish Airlines" және "AJet" компанияларымен келісімге келді
Президент Ердоған Әзербайжанда
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресей елшісін шақырды
Өзбекстан БРИКС-тің Жаңа даму банкіне кіреді
Қырғызстан Ош қаласынан Ленин ескерткішін алып тастады
Ердоған, Әлиев және Шариф халықаралық әуежайдың ашылуына қатысады
Армения Әзербайжанға Минск тобын таратуды қамтитын бейбіт келісім ұсынды
Әзербайжан Оңтүстік Кавказдағы шиеленіске қатысты Францияның екіжүзділігіне наразылық білдірді
ТМҰ Бас хатшысы: “Сирияға қатысты бастамалар – түрік дипломатиясының өрлеуінің дәлелі”
Әзербайжан мен Арменияның Cыртқы істер министрлері Анталия дипломатия форумында кездесті
Түркия мен Өзбекстан Халықаралық Түркі Мемлекеттері университетін ашты