Түркия уақытша бітімді құптайды және оның «толық жүзеге асырылуын» талап етеді

Түркия Республикасының Сыртқы істер министрлігі АҚШ пен Иран арасындағы екі апталық атысты тоқтату келісімінен кейін тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін диалог пен халықаралық құқықты сақтаудың маңызды екенін білдірді.

By
Түркия уақытша бітімді құптайды және оның «толық жүзеге асырылуын» талап етеді / AA

Түркия Америка Құрама Штаттары мен Иран арасында жарияланған уақытша бітімді ризашылықпен қарсы алды.

Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде «Уақытша бітімнің толық жүзеге асырылуы қажеттігін баса айтамыз және барлық тараптың қол жеткізілген уағдаластыққа адал болатынына сенім білдіреміз», — делінген.

Мәлімдемеде түбегейлі бейбітшілікке апаратын жол тек диалог, дипломатия және өзара сенім арқылы ғана мүмкін болатыны атап өтіліп, «Исламабадта өтетін келіссөздердің сәтті аяқталуы үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуді жалғастырамыз», — деген тұжырым жасалды. Сондай-ақ Түркия бұл процеске делдалдық еткені үшін Пәкістанды құттықтап, бейбітшілікке үлес қосатын барлық бастамалардың жалғасуын тіледі.

Дуран: Түркия тұрақты бейбітшілікке үмітті

Түркия Республикасы Президенті жанындағы Коммуникация басқармасының басшысы Бурханеттин Дуран да Анкараның бұл бітім «тек қазіргі шиеленісті тоқтатумен шектелмей, тұрақты шешім мен бейбітшілікке жол ашады деп үміттенетінін» жеткізді.

«Аймағымызда ұзақ уақыт бойы сақталған нәзік қауіпсіздік ортасы диалог пен дипломатия арналарының қаншалықты өміршең екенін тағы бір мәрте көрсетті. Өзара түсіністікті нығайту, шиеленісті арттыратын қадамдардан аулақ болу және халықаралық құқық негізінде әрекет ету тұрақты бейбітшілікті орнатуда шешуші фактор болмақ», — деген Дуран президент Режеп Тайып Ердоғанның басшылығымен Түркияның аймақтық және жаһандық бейбітшілікті орнатуға бар күшін салатынын, әділ әрі теңгерімді ұстанымымен дағдарыстарды шешуде «сенімді айлақ» болу жауапкершілігін өз мойнына алғанын баса айтты.