Түркияның орбитаға жеткізу аппараты ғарыш миссиясын бастады
«Fergani Space» әзірлеген «FGN-TUG-S01» моделі Жер орбитасына әлемдегі алғашқы гибридті қозғалтқышты жеткізеді.
Түркияның «Fergani Space» компаниясы әзірлеген орбитаға тасымалдау құралы «FGN-TUG-S01» өз миссиясын бастады.
Түркияның орбитаға тасымалдау аппараты 28 қараша күні «SpaceX»-тің «Falcon 9 Transporter-15» тасығыш зымыраны арқылы Калифорниядағы Ванденберг Ғарыш күштері базасынан ұшырылды.
GMT уақытымен 18:44-те басталған миссия барысында зымыран сатыларының ажырауы сәтті жүзеге асты. Ұшырылғаннан шамамен 81 минут өткен соң «FGN-TUG-S01» зымыраннан сәтті ажырады.
Бұл миссия ˗ «Fergani Space» компаниясының тасымалдау және ғарышта маневр жасау мүмкіндіктері тұрғысынан маңызды кезең.
Толықтай отандық өнімде орбитада іске қосылатын әлемдегі алғашқы гибридті ракеталық қозғалтқыш орнатылған. Аппарат өз орбитасына орныққаннан кейін гибридті қозғалтқыштың алғашқы жоспарланған тұтануын жүзеге асырады.
«FGN-TUG-S01»-дің қолжетімді әрі қауіпсіз гибридті жүйесі спутниктерді әртүрлі орбиталарға жеткізіп, олардың қызмет мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
Аппараттың сәтті жұмыс істеуі «Fergani Space» компаниясының болашақ спутниктік шоқжұлдыз миссияларында жаңа мүмкіндік береді. Бұл миссиялар жер серіктерін әртүрлі биіктіктерге орналастыруды қамтиды.
Түркияның алғашқы «OTV» аппараты «Fergani» спутниктерін шамамен 500 км биіктіктегі төмен орбитадан 1000 км-ден жоғары орбиталарға көтеріп, оларды жұмыс орбиталарына орналастыратын болады.
Аппаратта ұшу компьютері, авионика жүйелері, қуат тарату блоктары, термалды бақылау кешені сияқты маңызды жүйелер бар. Бұл жүйелердің барлығын «Fergani Space» компаниясы әзірлеген.
Осы миссия арқылы Түркия орбитада гибридті қозғалтқышты сынақтан өткізген алғашқы ел болмақ.
«Fergani Space» бас директоры Селчук Байрактар сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде үш апта бұрын компанияның екінші спутнигі қызметке кіріскенін және елдің алғашқы орбитаға тасымалдау аппаратының қазір белсенді жұмыс істеп тұрғанын айтты.
Байрактар: «Отандық инженерлер әзірлеген орбитаға тасымалдау аппараты еліміздің ғарыштағы тасымалдау қабілетін арттырады», - деді.
Байрактар бұл миссия Түркияның «Uluğbey» деп аталатын отандық жаһандық позициялау жүйесін дамытуға арналған сындарлы инфрақұрылымның негізі болатынын атап өтті.
Ол сондай-ақ «Бұл миссия «Uluğbey» жаһандық навигация жүйесі инфрақұрылымын қалыптастырып, болашақ спутник топтамаларымызға жол ашады. Алдағы 5 жыл ішінде 100-ден астам спутник арқылы Түркияға және бауырлас елдерге тәуелсіз позициялау және ғарыш логистикасы мүмкіндігін беруді көздеп отырмыз»,- деді.