Зеленский Трамппен кездесуден кейін Еуропа лидерлерімен кеңеседі
Украина президенті Флоридадағы Трамппен кездесуге барар жолда Канадаға аялдап, алдымен Канада Премьер-министрімен кездесті.
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуінен кейін Еуропа лидерлерімен келіссөздер жүргізетінін мәлімдеді.
Зеленский жексенбі күні дипломатиялық бағыттағы басымдықтарды үйлестіру үшін Украинаның кейбір серіктестерімен сөйлескенін айтты. “Telegram” желісінде жариялаған жазбасында: «Ертең президент Трамппен өтетін кездесуден кейін кеңесулерді жалғастырамыз», — деді. Зеленский одақтастарымен кездесіп, Трамппен жүздесу алдында Ресейдің елордаға жасаған соңғы ұшқышсыз ұшақ пен зымыран шабуылынан кейін қайтадан қолдау сөздерін естіді.
Флоридадағы Трамппен кездесуге барар жолда Канададағы аялдама кезінде Украина президенті алдымен Канада премьер-министрі Марк Карнимен сөйлесті. Содан кейін ол конференция байланысы арқылы ЕО, НАТО және Еуропа лидерлеріне мәлімет берді; олар өз кезегінде оған «толық қолдау» білдірді деп хабарлады Германия Канцлері Фридрих Мерц.
ЕО лидері Урсула фон дер Ляйен әлеуметтік желідегі жазбасында Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғайтын «әділ және баянды бейбітшілікті» құптайтындарын айтты.
Ресей Украина мен оның еуропалық жақтастарын АҚШ-тың араағайындығымен бұрынырақ дайындалған қақтығысты тоқтату жоспарын «сәтсіздікке ұшыратуға» тырысты деп айыптады. Майдан даласындағы қысымды арттыра түскен Ресей Украинаның шығысындағы тағы екі елді мекенді — Мирноград пен Гуляйполе қалаларын бақылауға алғанын мәлімдеді. «Егер Киевтегі билік бұл мәселені бейбіт жолмен шешкісі келмесе, алдымызда тұрған барлық түйткілдерді әскери жолмен шешеміз», — деді Ресей президенті Владимир Путин.