Сирияның жоғары лауазымды өкілдері Путинмен кездесті
Ресей президенті Израильдің заң бұзушылықтарына қарсы Сирияға қолдау көрсететінін айтты.
Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде Сирияның Сыртқы істер министрі Асад әл-Шайбани және Қорғаныс министрі Мурхаф Әбу Касрамен кездесті.
Мемлекеттік “SANA” ақпарат агенттігінің мәліметінше, сейсенбі күні өткен кездесуде өзара мүддеге сай бірқатар саяси, әскери және экономикалық мәселелер талқыланып, әсіресе әскери және қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы стратегиялық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Агенттіктің хабарлауынша, келіссөздер барысында экономикалық және сауда ынтымақтастығын кеңейту мүмкіндіктері де қарастырылды. Бұл бағытта қайта қалпына келтіру жобаларын қолдау, инфрақұрылым салаларын дамыту, Сирияға инвестиция тартуды ынталандыру, сауда айналымын ұлғайту және серіктестіктерді жеңілдету сияқты шаралар қарастырылған. Аталған шаралар Сирия экономикасына оң әсер етеді деп күтілуде.