АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс дүйсенбі күні жасаған мәлімдемесінде президент Дональд Трамптың Иранға қарсы жүріп жатқан соғыстың ұзаққа созылатын әскери қақтығысқа айналуына жол бермейтінін айтты.
Вэнс Трамп әкімшілігінің тағы бір «бітпейтін соғысқа» жол бермеуге ниетті екенін атап өтті.
Вэнс «Fox News» телеарнасына берген сұхбатында соғыстың өрбуіне қатысты Трамп екеуінің арасында ешқандай пікір қайшылығы жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, Трамп қақтығысты ұзақ жылдарға созбай, оны аяқтауды мақсат етіп отыр.
«Президент қандай шешім қабылдаса да, одан көбірек әрекет етуді талап етіп, соғыстың жалғасуын қалайтын адамдар болады деп ойлаймын», – деді Вэнс.
«Алайда АҚШ президентіне қатысты бір нәрсеге толық сенімдімін. Бұл мәселеде біздің арамызда ешқандай келіспеушілік жоқ. Президент Иранмен арадағы шиеленістің аяқталмайтын соғысқа айналуына жол бермейді», – деді ол.
Вэнстің бұл мәлімдемесі АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыстар жалғасып, соғыстың қанша уақытқа созылатыны және оған жұмсалатын шығын туралы пікірталастар күшейген тұста жасалды.
«Біз бұл соғыстың 10 немесе 15 жылға, тіпті екі жылға созылатын әскери қақтығысқа айналуына да жол бермейміз», – деді Джей Ди Вэнс.




















