Президент Режеп Тайып Ердоған Оңтүстік Кореяға жасаған ресми сапары барысында Қазақстанның әуе кеңістігінен өтіп бара жатып әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына жолдау жіберді.
Ердоған өз жолдауында Қазақстанды «тарихи ата жұртымыз, дос әрі бауырлас ел» деп сипаттап, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, президент Ердоған өз жолдауында:
«Оңтүстік Кореяға ресми сапармен бара жатып, тарихи ата жұртымыз, дос әрі бауырлас Қазақстанның жері үстінен ұшып өтудемін. Осы жылдың мамыр айында Қазақстанға жасаған сапарымның нәтижелі қорытындылары мен мендегі игі естеліктері, сондай-ақ Сіздің Түркі Мемлекеттері Ұйымының 13-ші Саммитіне қатысу үшін таяуда Анкараға жасаған сапарыңыздың жылы естеліктері әлі де жадымызда жаңғырып тұр. Осы орайда Сізге өзімнің ыстық ықыласымды білдіріп, мықты денсаулық пен бақыт, ал бауырлас Қазақстан халқына одан әрі даму, гүлдену мен амандық тілеймін», – деп атап көрсетті.
Өз кезегінде президент Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында ТМҰ Мемлекет басшыларының саммиті аясында Анкараға жасаған сапары барысында Қазақстан делегациясына көрсеткен ыстық қонақжайлылығы үшін президент Ердоғанға алғыс білдірді.
Тоқаев өз жазбасында Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен стратегиялық әріптестіктің одан әрі нығайып, қарқындай беретініне сенім білдірді.




















