Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында НАТО саммиті мен кездесулерінің өткізілу жиілігі қысқаруы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Осыған қатысты НАТО өкілі: «НАТО-ның келесі саммиті Албанияда өтеді, бірақ оның нақты күні әлі белгіленген жоқ», – деді.
Албания премьер-министрі Эди Рама келесі саммиттің ел астанасы Тиранада өтуі мүмкін екенін айтып, оның 2027 жылы емес, 2028 жылы ұйымдастырылуы ықтимал екенін жеткізді.
2025 жылдың 25 маусымында Гаагада өткен НАТО саммитінің қорытынды декларациясында көшбасшылардың 2026 жылы Түркияда өтетін жиыннан кейін Албанияда бас қосуға келіскені айтылған. Алайда нақты күні көрсетілмеген.
НАТО-ның ресми мәлімдемесіне сәйкес, саммиттер Солтүстік Атлантикалық кеңестің шешімімен одақтың саяси және қауіпсіздік саласындағы қажеттіліктеріне қарай өткізіледі. Дегенмен соңғы 10 жылда COVID-19 пандемиясына байланысты шектеулер енгізілген 2020 жылды қоспағанда, НАТО көшбасшылары жыл сайын одақтас елдердің астаналарында бас қосып келген.
Ал дипломатиялық дереккөздердің мәліметінше, АҚШ әкімшілігі НАТО көшбасшыларының саммитін жыл сайын өткізуді тоқтатып, кездесулерді екі жылда бір рет ұйымдастыруды ұсынып отыр. Вашингтон бұл бастаманы одақ аясында ілгерілетуге күш салуда.





















