ТҮРКИЯ
2 ... минут оқылды
Анталия дипломатия форумы басталды
Анталия дипломатия форумы 2025 «Бөлшектенген әлемде дипломатияны қайта қалпына келтіру» тақырыбымен басталды.
Анталия дипломатия форумы басталды
/ AA

Президент Режеп Тайып Ердоғанның бастауы және Түркия Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен 11–13 сәуір аралығында өтетін 4-Анталия дипломатия форумы Анталия қаласында басталды.

Түркияның жетекші туризм қаласы Анталияда бастау алған форум биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Жаһандық геосаяси өзгерістердің қарқынды жүріп жатқан кезеңінде өткен форум әлемдік көшбасшы, дипломат, шешім қабылдаушы, сарапшы мен академиктерді халықаралық мәселелерге шешім іздеу мақсатында бір алаңға жинауда.

11 сәуір күні форум Президент Режеп Тайып Ердоған мен Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның ашылу сөздерімен басталды.

Үш күнге созылатын бұл форум «Бөлшектенген әлемде дипломатияны қайта қалпына келтіру» тақырыбы аясында өтеді және қазіргі аймақтық әрі жаһандық қиындықтармен күресуде дипломатияның рөлін жаңаша қарастырып, оны тиімді қайта құру жолдарын талқылауды көздейді.

Форумға 20-дан астам мемлекет пен үкімет басшысы, 50-ге жуық сыртқы істер министрін қоса алғанда 70-тен астам министр және халықаралық ұйымдардың 60-қа жуық жоғары лауазымды өкілі қатысады деп күтілуде. Жалпы қатысушылар саны 4 мыңнан асады.

Қатысушылар арасында ғалымдар, сарапшылар және студенттер де бар. Делегациялар келе бастағаннан бері Анталия халықаралық әуежайында қарбалас күшейді. Жалпы есеппен шамамен 140 елден 450 ресми өкіл, 50-ге жуық елден 950 журналист аккредитациядан өтті.

Форум аясында Таяу Шығыстан Азия-Тынық мұхит аймағына, Африкадан Латын Америкасына дейін көптеген өңірмен қатар, жаһандық мәселелерге арналған 50-ден астам сессия өтеді. Бұл сессияларда климаттың өзгеруі, терроризммен күрес, гуманитарлық көмек, цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі және жасанды интеллект секілді тақырыптар талқыланады.

Форумға қатысып жатқан жоғары деңгейдегі тұлғалар қатарында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Президенті Ерсин Татар, Сомали Президенті Хасан Шейх Махмуд, Черногория Президенті Яков Милатович, Сьерра-Леоне Президенті Джулиус Маада Био, Индонезия Президенті Прабово Субианто, Гвинея-Бисау Президенті Умару Сиссоко Эмбало, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан және Косово Президенті Вьоса Османи-Садриу бар.

Дипломатияның жүрегі Анталияда соғуда

Анталия уәлиятының әкімі Ерсин Шахин биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған форумды өткізудің үлкен мәртебе екенін айтты.

Ол әлемдік деңгейде танымал Анталия қаласының мемлекет және үкімет басшыларын, сыртқы істер министрлерін, көптеген үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйым өкілдерін, академиктер мен журналистерді қарсы алатынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол қала ретінде ірі іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу қабілетін ерекше атап өтті.

Іздеу
Әзербайжан президенті Әлиев Бакуде «құпия» кездесу өткенін мәлімдеді
Жапониядағы математика олимпиадасына Түркиядан қатысқан 11 оқушы 11 медаль жеңіп алды
«ASELSAN» Босния және Герцеговинаға дрондарға қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізеді
Тәжікстанға жылдың алғашқы жартысында 889 мың 400 шетелдік турист келді
Пәкістан мен Үндістанда нөсер жаңбырдан қаза тапқандар саны артуда
Таиландта қауіпсіздік бекетіне шабуыл жасалды
Атлант мұхитына құлаған "Pan Am" ұшағының қалдықтары 74 жылдан кейін табылды
АҚШ Иранның әскери нысандарына шабуылдады
Тарихта алғаш рет адам тәріздес роботтар тірі жануарларға ота жасады
Кремль: «Украинамен қақтығысты тоқтату жөніндегі талаптарымыз өзгерген жоқ»
АҚШ-тың B-1 бомбалаушы ұшақтарын қайта қолдана бастағаны хабарлануда
Иранның Хузестан провинциясында зымыран шабуылынан екі адам қаза тапты
Түркияның волейболдан әйелдер және ерлер құрамалары «VNL» финалына шықты
НАТО-ның «Front Door» бастамасы Түркиямен қорғаныс ынтымақтастығын күшейтеді
Түркияның «AKYA» торпедасы сынақтан сәтті өтті