Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоған Анталия EXPO аумағында өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-ші конференциясы (COP31) шеңберінде қарқынды дипломатиялық жұмыс жүргізді.
Президент аппараты Коммуникация басқармасының бейсенбі күнгі хабарламасына сәйкес, Ердоған Конго Демократиялық Республикасының президенті Феликс Антуан Чисекедимен кездесті.
Кездесуде Түркия-Конго қарым-қатынастары мен өңірлік мәселелер талқыланды.
Президент Ердоған кездесу барысында Түркия мен Конго Демократиялық Республикасы арасындағы әріптестіктің барлық салада дамып келе жатқанын атап өтіп, сауда, көлік және қорғаныс өнеркәсібін қоса алғанда, көптеген бағытта қадамдар жасауды жалғастыратындарын жеткізді.
Түркияның Конго Демократиялық Республикасының аумақтық тұтастығын қолдайтынын баса айтқан Ердоған елде тұрақты тыныштық пен орнықтылық орнауын тілейтінін білдірді.
Грузия
Ердоған Грузия президенті Михаил Кавелашвилимен де кездесті.
Грузияның Түркияның маңызды сауда серіктестерінің бірі екенін атап өткен Ердоған өзара сауда айналымының межелі көрсеткіштеріне жету үшін жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.
Сонымен қатар Ердоған Түркия-Грузия-Әзербайжан ынтымақтастық тетіктерін барынша тиімді пайдаланудың маңызды екенін де жеткізді.

Судан
Ердоған Судан Егемендік кеңесінің төрағасы Абдулфаттах әл-Бурханмен кездесті.
Кездесуде Түркия-Судан қарым-қатынастары мен өңірлік мәселелер талқыланды.
Ердоған Түркия мен Судан арасындағы байланыстарды нығайту жолындағы қадамдардың жалғасатынын, қорғаныс өнеркәсібі, инвестициялар және ауыл шаруашылығын қоса алғанда, көптеген саладағы ынтымақтастықты арттыратын бастамаларды жалғастырудың маңыздылығын баса айтты.
Ливия
Президент Ердоған Ливия премьер-министрі Абдулхамид Дбейбені қабылдады.
Ердоған қабылдау барысында екі ел қарым-қатынастары мен өңірлік тақырыптарға тоқталды.
Президент Ердоған Түркия мен Ливияның ынтымақтастығын дамыту бағытында қадам басуды жалғастыратынын, энергетиканы қоса алғанда, көптеген саладағы байланыстарды тереңдететін бастамалар жүзеге асырылатынын еске салды.
Сомали
Президент Ердоған Сомали президенті Хасан Шейх Махмудпен кездесті.
Кездесуде Түркия-Сомали қарым-қатынастары мен өңірлік оқиғалар талқыланды.
Ердоған Түркия мен Сомали арасында ынтымақтастықты дамытуға бекінгендерін және қарым-қатынастарға серпін беретін қадам басуды жалғастыратындарын атап өтті.
Ердоған Сомалидегі тыныштық пен тұрақтылықтың Түркия үшін аса маңызды екенін, ұлттық диалог процесінің сәтті өтуін, ұлттық бірліктің орнауын және қоғамдық келісімнің қамтамасыз етілуін тілейтіндерін жеткізді.





















