Израильдің әсіре оңшыл министрі Итамар Бен-Гвир палестиналықтарға қарсы зорлық-зомбылық жасағаны үшін заңсыз израильдік қоныстанушыларға санкциялар енгізілгеннен кейін Еуропалық Одақты «антисемиттік ұйым» деп айыптады.
Итамар Бен-Гвир «X» әлеуметтік желісіндегі жазбасында: «Антисемиттік одақтан моральдық шешім күту — күннің батыстан шығуын күткенмен тең», - деп жазды.
Сондай-ақ ол Еуропалық Одақтың өзін қорғап отырғандарды жазалауға тырысып жатқанын мәлімдеді.
Мажарстандағы үкімет ауысуы бірнеше айға созылған кедергіні тоқтатқаннан кейін Еуропалық Одақтың Сыртқы істер министрлері дүйсенбі күні жаңа санкция енгізу жөнінде келісімге келді.
Дипломатиялық реакция
Еуропалық комиссияның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас: «Тығырықтан нақты нәтижеге көшетін уақыт келді. Экстремизм мен зорлық-зомбылық жазаланатын болады», – деп мәлімдеді.
Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Еуропалық Одақтың Батыс Шерияны заңсыз әрі зорлық-зомбылықпен отарлауды қолдауға қатысы бар израильдік ұйымдар мен олардың жетекшілеріне санкция енгізгенін айтты.
Қабылданған шешімге сәйкес, заңсыз әрекетке қатысы бар 7 қоныстанушы мен ұйым қара тізімге енгізілді.
Израиль жаңа шараларды айыптап, еврейлердің басып алынған Батыс Шерия аумағында қоныстануға құқығы бар екенін алға тартты.
Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саар «X» әлеуметтік желісінде Еуропалық Одақтың санкцияларды саяси тұрғыдан енгізуді таңдағанын жазды.
Ал Итамар Бен-Гвир қоныстандыру тоқтамайтынын айтып, Израиль жерінің барлық аумағында құрылыс жүргізуді және оны қорғауды жалғастыратынын мәлімдеді.
















