Пәкістан Кабул мен Ауғанстанның шекаралас аймақтарына шабуыл жасады
Исламабад шабуылдардың Пәкістан Талибаны содырларын нысанаға алғанын мәлімдеді, ал Ауған Талибаны Пәкістан соққылары Кабул мен шекаралас аймақтардағы үйлерге бағытталғанын айтты.
Ауғанстан билігінің мәліметінше, Пәкістан Кабул мен бірқатар шекаралас уәлаяттарға шабуыл жасады. Ел астанасында төрт адам қаза тапты.
Кабул полициясының өкілі Халил Задран бомбалау салдарынан төрт адам қаза тауып, 15 адам жараланғанын хабарлады.
Аты-жөнін жариялағысы келмеген пәкістандық қауіпсіздік өкілі Пәкістанның түні бойы әуе соққыларын жасағанын және нысана Пәкістан Талибаны содырлары болғанын растады.
Исламабад өткен айда да көрші Ауғанстанға бірқатар әуе шабуылын жасағанын айтып, бұл операциялар Пәкістан аумағындағы шабуылдардың көбеюіне жауап ретінде содырлардың әрекеттеріне қарсы бағытталғанын мәлімдеген еді.
Кабулдағы Талибан үкіметі бұл айыптауларды жоққа шығарды.
Талибан үкіметінің өкілі Забихулла Муджахид Пәкістанның соққылары оңтүстіктегі Кандагар уәлаятына, сондай-ақ Пәкістан шекарасындағы Пактия мен Пактика уәлаяттарына да бағытталғанын айтты.
Пәкістан террористік топтарды ғана нысанаға алғанын, бейбіт тұрғындар қаза таппағанын мәлімдеп отыр.
Соңғы апталарда Ауғанстан мен Пәкістан күштері арасында шекара бойында болған қақтығыс салдарынан екі ел арасындағы сауда тоқтап, шекара маңындағы тұрғындар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында Пәкістанның әскери операциялары кезінде 56 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын хабарлады. Олардың 24-і бала.
БҰҰ-ның Босқындар жөніндегі агенттігі қақтығыс салдарынан шамамен 115 мың адамның өз үйлерін тастап кеткенін мәлімдеді.