ТҮРКИЯ
4 ... минут оқылды
Тарих төріндегі жеңіс: Стамбулдың Османлы империясының құрамына қосылуы
1453 жылы 29 мамырда Стамбул Османлы империясына қосылды.
Тарих төріндегі жеңіс: Стамбулдың Османлы империясының құрамына қосылуы
Отаатепе паркі мен Фатих Сұлтан Мехмет көпірінің әуеден көрінісі.

Шығыс пен Батыс  тоғысқан Стамбул қаласы осыдан 573 жыл бұрын Фатих Сұлтан Мехмед және армиясының күшімен Османлы мемлекетінің құрамына қосылды.

Рим, Византия және Османлы империяларының астанасы болған қала тарихта «Екінші Рим», «Жаңа Рим», «Византион», «Константинополь» және «Константиния» атауларымен белгілі болды.

Тарих бойы 30 мәрте қоршауға алынған қалада ғибадатханалар, ресми ғимараттар, сарайлар, моншалар мен ипподромдар салынды. Сонымен қатар бұл ғажап қала православ христиандарының ең маңызды орталығына айналды.

Йеникапы қазба жұмыстары қаланың тарихы 8 мың жыл бұрын басталғанын көрсетсе, оның дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі біздің дәуіріміздің IV ғасырында Рим тағына отырған Ұлы Константиннің Стамбулды жаңа империяның астанасы етуі болды.

Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) «Константиния міндетті түрде алынады. Оны алған қолбасшы қандай жақсы қолбасшы, оны алған әскер қандай жақсы әскер» деген хадисінен кейін қала ислам әлемі үшін де ерекше маңызға ие болды.

Мұсылмандар үшін Батысқа, ал христиандар үшін Шығысқа ашылған қақпаға айналған Стамбул 1204 жылы крест жорықтары кезінде латын әскерлерінің шабуылына ұшырады.

Пайғамбардың сүйінші хабарындағы марапатқа ие болу мақсатында Омейядтар дәуірінде Константинияға үш үлкен жорық ұйымдастырылса, тағы бір жорықты 781–782 жылдары Аббас әулеті жасаған.

Муавия ибн Әбу Суфиян басқарған алғашқы Стамбул қоршауы кейінгі дәуірлерге өшпес із қалдырды. Бұл жорыққа кейбір сахабалар да қатысты.

Пайғамбарды (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударған кезде өз үйінде қарсы алған Әбу Әйюб әл-Ансари осы қоршауға қатысып, қала қабырғалары алдында қайтыс болды. Оның оқиғасы 1453 жылғы тарихи жеңіске дейін ислам әлеміне зор рухани серпін берді.

Исламдағы уәде етілген қала

Константиния мұсылман билеушілері үшін Пайғамбардың сүйінші хабары арқылы исламдағы уәде етілген қалаға айналды.

Әлем тарихындағы ең ауқымды қоршаулар мен қорғаныстардың куәсі болған Стамбул 1453 жылға дейін түрлі халықтар мен өркениеттер тарапынан ондаған рет қоршауға алынды.

Олардың қатарында Македония патшасы Филипп, Рим императоры Септимий Север, парсы билеушісі Хосров, авар түріктері, Омейядтар, Аббасилер, Бірінші және Екінші Болгар патшалықтары, Русь князьдіктері, кресшілер, Никея империясы, венециялықтар, генуялықтар және османдар болды.

Стамбулдың Османлыға қосылуына апарған жол

Кейбір дереккөздерде Аттила, викингтер мен готтардың да қаланы қоршағаны айтылады. Алайда соңғы әрі шешуші қоршауды 1453 жылы Осман мемлекетін империя дәрежесіне көтерген Сұлтан ІІ Мехмед жүзеге асырған.

Таққа отырғаннан кейін ІІ Мехмед Стамбулды алу үшін ең алдымен теңіз арқылы келетін көмекті тоқтату қажет деп санады. Осы мақсатта 1452 жылы Йылдырым Баязид салдырған Анадолы қамалының қарсы бетіне Румели қамалын тұрғызды.

Қаланың биік әрі қалың қорған қабырғаларын бұзу үшін дәуірдің үздік инженерлеріне алып зеңбіректер құйдырылды. 1453 жылдың ақпанында дайын болған бұл қарулар сұлтанның бұйрығымен Стамбулға жеткізілді.

Қаража паша басқарған 10 мыңдық әскер Визе, Силиври және Айястефанос қамалдарын қоршауға алды.

Сәуір айында ІІ Мехмед барлық аймақ пен аудандарға әскерге қосылу жөнінде жарлық жіберді. 1453 жылғы 5 сәуірде Османлы әскері сұлтанның қолбасшылығымен Стамбулға қарай жорыққа шықты.

Бұл кезеңде Акшемседдин, Акбыйык және Молла Гүрәни секілді белгілі ғұламалар да Мехмедтің жанында болды.

ІІ Мехмед Анадолы жағы мен Алтын Мүйіз шығанағын бақылауда ұстаса, Заганос паша Бейоглы өңірін алып, Галатаға қарай ілгеріледі.

Сол күні Махмұт паша Византия императорына елші ретінде жіберілгенімен, бейбіт келісім ұсынысы қабылданбады.

Стамбул қоршауы басталды

1453 жылғы 6 сәуірде ІІ Мехмед Стамбулды қоршауға алды. Османлы әскері қаланы құрлықтан да, теңізден де қоршауға алып, қорған қабырғаларында ойықтар жасай бастады.

Византиялықтар қорғандарды жөндеп, түрік әскерлерінің қалаға кіруіне жол бермеді.

Османлы флотының Византияға көмекке келген генуялық және венециялық кемелерді тоқтата алмауы шайқастың барысына әсер етті. Алтын Мүйіз шығанағының аузына тартылған шынжыр Османлы кемелерінің кіруіне мүмкіндік бермеді.

Осыған байланысты ІІ Мехмед 21 сәуірден 22 сәуірге қараған түні 72 галераны құрлық арқылы сүйретіп өткізіп, Алтын Мүйізге түсіруді бұйырды.

Долмабахче арқылы өткізілген кемелер шайқастың бағытын өзгертті. Бір түн ішінде шығанаққа жеткізілген флот 22 сәуірде шабуылға кірісті. Мұндайды күтпеген византиялықтар қатты таңғалды.

Соңғы шешуші шабуыл алдында ІІ Мехмед 24 мамырда Исфендияроглы Касым бейді елші етіп жіберіп, қаланы тапсыруды талап етті. Алайда келісімге қол жеткізілмеді.

Кемелердің Алтын Мүйізге енгізілуінен кейін жағдай Османлы әскері пайдасына өзгерді. Мехмед 29 мамырда жалпы шабуыл жасауға бұйрық берді.

29 мамыр күні таң ата басталған шабуыл нәтижесінде қорған қабырғалары бұзылып, қалаға жол ашылды.

1453 жылы 29 мамырда Стамбул Османлы әскері тарапынан алынды.

«Фатих» («Жеңімпаз») атағын алған ІІ Мехмед қаланы тонауға жол бермеді және жеңістің белгісі ретінде Айя-Софияны мешітке айналдырды.

Әлем тарихындағы бетбұрыс

Тарихшы әрі жазушы Зафер Билгидің айтуынша, Стамбулдың Османлы империясына қосылуы тек бір қаланың қолға өтуі емес, әлем тарихындағы үлкен бетбұрыстың көрінісі болды.

Оның пікірінше, Фатих Сұлтан Мехмед бұл жорыққа мемлекет үшін «болу немесе болмау» мәселесі ретінде қарады.

Билги Осман мемлекеті қолданған әскери тәсілдердің өз дәуірінен әлдеқайда озық болғанын атап өтті. Кемелерді құрлықпен өткізу, жылжымалы мұнараларды пайдалану, Румели қамалын салу және қабырғалардың астынан туннель қазу сияқты әдістер қоршаудың сәтті аяқталуына ықпал етті.

Оның айтуынша, Стамбулдың алынуынан кейін Еуропада және христиан әлемінде күш тепе-теңдігі Шығыс пайдасына өзгерді деген түсінік қалыптасты. Кейіннен Қайта өрлеу мен Реформация үдерістері Еуропаның ішкі жаңғыруына жол ашты.

Зафер Билги жеңістен кейін Стамбулдың діни, мәдени және әлеуметтік тұрғыдан қарқынды дами бастағанын, Фатих Сұлтан Мехмедтің қаланы әлемдегі ең маңызды орталықтардың біріне айналдыруды мақсат еткенін айтты.

Сондай-ақ ол Фатихтың Осман мемлекетін жаһандық империя деңгейіне көтеруі мен Осман империясының негізін қалаушы ретінде танылуы Стамбулдың империяға қосылуымен байланысты екенін атап өтті.

Іздеу
Президент Ердоған құрбан айтқа орай бейнеүндеу жариялады
АҚШ Иранның оңтүстігіндегі нысандарға соққы берді
Израиль Газадағы босқын лагеріне шабуыл жасады
Ресей шетел азаматтары мен дипломаттарды Киевтен кетуге шақырды
Әлемдегі ең ірі «Нөлдік қалдық» форумы Стамбулда өтеді
Президент Ердоған Африка күнімен құттықтады
Екі миллионға жуық мұсылман қажылық сапарын бастады
Ұлыбритания Қорғаныс министрінің ұшағына кедергі келтірілді
Изник  ̶  шетелдік туроператорлардың жаңа бағыттарының бірі
Сыртқы істер министрлігі Африка күніне байланысты мәлімдеме жасады
Трамп: «Иранмен келіссөздер нәтижелі өтуде»
Израиль күштері құрбан айт қарсаңында Батыс Шерияның оңтүстігіне рейд жүргізді
Ахалкалаки-Карс теміржол желісі ашылды
Президент Ердоғаннан телефон дипломатиясы
Франция Израиль министрі Бен-Гвирдің Франция аумағына кіруіне тыйым салды