19 елдің сыртқы істер министрлері Колумбияның Иерусалимдегі елшілігінің ашылуын қатаң айыптады.
Түркия, Алжир, Джибути, Индонезия, Палестина, Катар, Кувейт, Ливан, Ливия, Малайзия, Мысыр, Пәкістан, Сомали, Судан, Сирия, Сауд Арабиясы, Оман, Иордания және Йемен сыртқы істер министрлері Колумбияның Израильдегі елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіруіне байланысты бірлескен мәлімдеме жариялады.
Мәлімдемеде: «Түркия, Алжир, Джибути, Индонезия, Палестина, Катар, Кувейт, Ливан, Ливия, Малайзия, Мысыр, Пәкістан, Сомали, Судан, Сирия, Сауд Арабиясы, Оман, Иордания және Йемен сыртқы істер министрлері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларына қайшы келетін, әрі екі мемлекетті шешім негізінде әділ, әрі тұрақты бейбітшілік орнатуға бағытталған халықаралық күш-жігерге нұқсан келтіретін қадам болып табылатын Колумбия Республикасының елшілігінің Иерусалимде ашылуын қатаң айыптайды және қарсы шығады», — делінген.
Министрлердің басып алынған Иерусалимнің құқықтық немесе тарихи мәртебесін өзгертуге немесе Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде тануға бағытталған кез келген шара мен шешімнің заңсыз болып табылатынын және ешқандай құқықтық күші болмайтынын растаған мәлімдемеде: «Бұл ұстаным Иерусалимнің сипатын немесе мәртебесін өзгертуге бағытталған әрекеттерді қабылдамайтын және мемлекеттерді 1967 жылы басып алынған Палестина жерлерінің бір бөлігі болып табылатын Иерусалимдегі дипломатиялық өкілдіктерін кері қайтарып алуға шақыратын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің №476 (1980) және №478 (1980) қарарлары бастаған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарларына толық сәйкес келеді», — деп атап өтілді.
Сондай-ақ мәлімдемеде министрлердің Колумбия үкіметін аталған шешімді қайта қарап, кері қайтаруға, халықаралық құқық шеңберіндегі міндеттемелерін орындауға және Палестина халқының астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз әрі егемен Палестина Мемлекетіне ие болу құқығын қоса алғанда, заңды құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуға шақырғаны тіркелді.
Колумбия 46 жылдан кейін елшілігін Иерусалимге көшірді
Колумбия Тель-Авивте орналасқан Израильдегі елшілігін 46 жылдық үзілістен кейін Иерусалимге көшірді.
Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саар мен колумбиялық әріптесі Омар Була Эскобар Иерусалимдегі жаңа елшілік ғимаратының ашылу салтанатына қатысты.
Израиль 1967 жылы басып алған Шығыс Иерусалимді де қосып алып, 1980 жылы біржақты түрде Иерусалимді «астанасы» деп жариялаған болатын. Дегенмен әлем бойынша көптеген ел Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде танымайды және елшіліктері Тель-Авивте орналасқан.
АҚШ, Гватемала, Гондурас, Косово, Парагвай, Папуа-Жаңа Гвинея және Фиджидің Израильдегі елшіліктері Иерусалимде орналасқан. Бұған қоса Сомалиден біржақты түрде тәуелсіздігін жариялаған және Израиль тарапынан танылған Сомалиленд те Израильдегі өкілдігін Иерусалимде ашқан еді.




















