Йеменнің уақытша астанасы Аден қаласындағы Маашик президент сарайына хоуситтер жасаған шабуыл салдарынан 5 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алды.
Йеменнің ақпарат министрі Муаммар әл-Ирияни «X» әлеуметтік желісіндегі парақшасында хоуситтердің Адендегі Маашик президент сарайын 5 зымыранмен атқылағанын хабарлады.
Әл-Ирияни шабуыл кезінде сарайда болған Йемен премьер-министрі мен үкімет мүшелерінің аман-есен екенін жеткізді.
Йемен денсаулық сақтау министрі Касым Бухайбих «Facebook» парақшасында сарай күзетшілері мен қызметкерлерінен 5 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алғанын мәлімдеді.
Йемен Министрлер кабинетінің мәлімдемесінде Маашик президент сарайына ұшқышсыз ұшу аппараттары мен зымырандар арқылы жасалған шабуыл салдарынан адамдар қаза тауып, жарақат алғаны атап өтілді.
Мәлімдемеде бұл шабуыл хоуситтердің Йемен халқының мемлекеттік билікті қалпына келтіруге деген ұмтылысына кедергі келтіре алмағандықтан, азаматтық инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасап, қирату әрекеттеріне көшкенін айқын көрсететіні атап өтілді.
Сонымен қатар бұл шабуылдың мемлекет пен үкіметтің табандылығына нұқсан келтіре алмайтыны атап өтілді.
Йемен үкіметі халықаралық қауымдастықты мұндай шабуылдарға қарсы нақты әрі батыл ұстаным танытуға, бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасалатын шабуылдардың алдын алу үшін қажетті қысым көрсетуге шақырды.
Йеменде хоуситтер 2014 жылдың қыркүйегінде ел астанасы Сана қаласы мен бірқатар уәлаятты бақылауға алғаннан кейін азаматтық соғыс басталған болатын.
Елде үкімет күштері мен хоуситтер арасындағы қақтығыстар гуманитарлық дағдарысты одан әрі ушықтырып отыр. Ал Сауд Арабиясы жетекшілік ететін Араб коалициясы 2015 жылдың наурызынан бері халықаралық қауымдастық мойындаған Йемен үкіметіне қолдау көрсетіп келеді




















